Жамбыл облысында қираған ауыл тұрғындары туған жерінен көшкісі жоқ
Жамбыл өңірінде ауылдар азайып барады. Мойынқұм ауданында бірден 4 елдімекен карта бетінен жойылып отыр. Себебі, тұрғындардың саны 50-ге де жетпейді. Соңғы 10 жылда аталған елдімекендерден халық үдере көшкен. Әдетте оңтүстік десе көптің арасында «халық тығыз орналасқан» деген түсінік қалыптасқан.
Автор: Әсем Қабылбек
04.07.2019
Кезінде тірлігі қайнаған Байтал ауылының бүгінгі сиқы осы. Жайлы өмірді аңсаған жұрт жаппай қалаға көшкен. Қазір мұнда небәрі 5 түтін қалған. Қыстаққа айналған ауылда біреуі жайылым үшін отырса, өзгесі туған жерін қимайды. Соның бірі Петр Шенбергер. Ұлты неміс. Ірі қара өсірумен айналысады.
Петр Шенбергер, Бұрынғы Байтал ауылының тұрғыны:
- Бұйырғаны деп тұрып жатырмыз. 13 сиырымызды сауып жатырмыз. Соның қаймақ, сүтін сатып күнелтіп отырмыз.
Петрдың отбасы да қасында. Ауылдағы қоңыр тірлігін ештеңеге айырбастағысы жоқ.
Петр Шенбергер, Бұрынғы Байтал ауылының тұрғыны:
- Қай жақтан кетесің? Өзіміздің туып өскен жеріміз ғой. Бірақ ауылдан бәрі кетіп жатыр. Біз енді қалдық.
Елдімекен азып-тозса да жарығы сөнбеген. Бірді-екілі тұрғынның көңіліне бұл да бір медеу. Заңға сәйкес Мойынқұмда «Байталдан» өзге «Кіші Қамқалы», «Арал» және «ГРЭ-21» ауылдары карта бетінен мәңгіге жойылады.
Кіші Қамқалы ауылында кезінде 2 мыңға жуық тұрғын тұрған. Мұнда мектеп және мынандай мәдениет үйі секілді орталықтар жұмыс істеген. Бүгінде өркениеттің ізінен тек осы қирандылар ғана естелік ретінде қалып отыр.
Мәдениет үйінің маңында шашылған кірпіштер, ескерткіштер. Ауданнан 180 шақырым жерде айдалада жалғыз үй қалған. Талай буынды білім нәрімен сусындатқан білім ордасы бүгінде шаруашылықтың қорасына айналған. Өйткені мектепте оқитын бала жоқ.
Қанат Белгішев, Ұланбел ауылдық округінің әкімі:
- Заң бойынша 50 тұрғын болмаған жағдайда статусы алынады екен. Біз 3-4 жыл бермей жүр едік. Бірақ болмағаннан кейін заң талабына сай асып кете алмадық.
Облыстық және аудандық мәслихат халық санағының алдында мәселені күн тәртібіне шығарған.
Мәден Мұсаев, Мойынқұм ауданының әкімі:
- 28 елдімекен деп тұр, ал бізде қазір бар болғаны 24. Сол төртеуін біз статистикадан алуымыз керек. Мен кеткесін осы жерде 4 әкім ауысты. Ешкім қолға алмаған.
Жалпы Қазақстанда 1500 ауылдың тағдыры қыл үстінде тұр.
Ермек Алпысов, Ұлттық экономика вице-министрі:
- Мұндай ауылдар әрбір аймақта бар. Арнайы бағдарлама бар. Әр облыстың өзінің жұмыс жоспары бар.
Туған жері «ауыл» мәртебесінен айналған елдімекендегі аз ғана жұрт оның қайта түлейтініне сенімді. Барлығы ауылдың түтінін өшірмеуге бекінген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!