Тестілеуге келген комиссияға аста-төк дастархан жайып, спирттік ішімдік құйған
Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде Алматы қаласы мен Жамбыл облысында осындай жайттар тіркелген. Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет республика бойынша тіркелген біраз былықты жариялады.
Автор: Әсем Қабылбек
04.07.2019
Арман Бердалин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры:
- Жамбыл облысында жергілікті филиал жетекшісі комиссия мүшелеріне арнап 25 адамға мейрамханада ішімдік қойылған керемет кешкі ас ұйымдастырған екен. Сондай-ақ Алматыда білім және ғылым министрлігінен Халықаралық бизнес университетіне жіберілген комиссия мүшелерінің бейәдеп іс-қимыл фактілері де тіркелді. Олар ойын-сауық орнында алкогольдік ішімдік ішіп отырған.
Тексеруге негіз болған мейрамханадағы отырыс осы. Алкогольдік шараптан ұрттаған комиссия мүшелері тіпті әндетіп отыр. Маусымның 20 мен 30-ы аралығында өңірлерде ұлттық бірыңғай тестілеу өткені белгілі. Шараны бақылауға жауаптылар іссапарда қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған. Білім және ғылым министрлігі мен әр аймақтағы жергілікті билік өкілдерінің қылмыстық әрекетке барғаны анықталды. Мәселелен, Ақтөбе облысында Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары комиссия күту үшін мектеп пен балабақша директорларынан ақша жинаған. Жалпы сомасы 540 мың теңге. Ақша жинауға Қандыағаштағы 4-ші мектептің директоры көмектесіпті. Ал, Шымкентте білім басқармасының маманы ұсталды. Ол «тестілеу кезінде жоғары баллмен жинауға көмектесемін» деп 125 мың теңге алған сәтте қолға түскен. Қазір барлық деректер бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!