«Теңіз» кен орнындағы бас мердігер үш қателікке жол берген
Атырау облысындағы «Теңіз» кенішін игеріп жатқан шетелдік компаниялар басшылық құрамындағы қазақстандықтардың саны көбейетін болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевпен кездескен Шеврон компаниясының Президенті Тодд Леви айтты.
Автор: Жанар Низамутдинова
04.07.2019
Бердібек Сапарбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Кәсіпорындарда қазақстандықтар да болу керек қой. Қазақстандықтардың білімі, деңгейі жаман емес қой. Басқа ұлттан, мемлекеттен кем емес. Сондықтан, енді солай болу керек. Біз сол жөнінде келістік.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев қазір «Теңіз» кенішіндегі жағдайдың бақылауда тұрғандығын, қазақ жерінде жұмыс жасап жатқан шетелдіктердің жергілікті халыққа құрметпен қарау керек екендігін де ескертті. Яғни, заңы мен халқын сыйлап, алалауға жол бермеу, жалақы мен еңбек жағдайларын бірдей қылу туралы талап қойды. Ал, мұнай-газ саласы компанияларының Одағы өкілдері болса, «Теңіздегі» дауға не себеп болғандығын жіпке тізгендей айтып берді. Олардың айтуынша, «Теңіз» кен орнындағы бас мердігер үш қателікке жол берген. Яғни, негізгі жұмыс көлемін өздері атқарып, отандық компанияларға аз бөлігін беріп отырған. Және де конкурс нәтижесінде ең төмен баға ұсынған компаниялар таңдаған. Яғни, олар ақшаны аз жұмсау үшін жұмысшылардың тамағы мен киім-кешегінен үнемдеуді жөн көрген.
Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай-газ компаниялары Одағының төрағасы:
- Шетелдік азаматтар біріншіден тіл білмейді, екіншіден жұмыс істеп жатқан елінің мәдениетін дәстүрін білмейді. Сөйтіп қарым-қатынас үзіледі. Түсініспеушілік пайда болады. Үшінші қателік мердігерлердің қайсысы өте төмен баға береді, соны жұмысқа алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!