Арыстан табылған жарылғыш заттардың көзі жойылып жатыр
Арыс қаласы маңайынан табылған жарылғыш заттардың бөлшектері полигонға әкетіліп, олардың көзі жойылып жатыр. Бүгінде қала аумағы тазарып біткен, енді 10 шақырымға дейінгі айналаны жиыстыруға көшкен. Ал қару-жарақ қоймасында бүтін қалған снарядттарды көшіру басталып кетті. Бірақ оған керекті қаражат, сақтайтын орын, тасымалдауға керекті көлік сынды мәселелердің қиындығынан шаруа ұзаққа созылатын секілді.
Автор: Ербол Тұрымбет
04.07.2019
Мынау бір кездегі жайбарақат жатқан Арыс даласының қазіргі сиқы. Көз шалым жердің бәріне темір бөлшектер шашылған. Ал оларды тазартуға 500-ден аса сапер жұмылдырылған. Жұмыс тәртібі қатал. Командирдің бұйрығымен ғана қимылдайды.
Бақытбек Тәжібаев, инженерлік-саперлік полк командирі:
- Жарылғыш затты тапқан кезде әр сапер өзінің топ командиріне белгі береді. Содан кейін топтың командирімен бірге жарылғыш заттың дәрежесін белгілейді.
Темір сауыт асынып, сақадай сай киінген сарбаздар Арыстың маңайын жарылғыш заттардан тазартуға дайын. Саперлар снарядтардың бөлшектері неден тұратынын, қандай қауіп келетінін жақсы білсе де асқан сақтықпен жұмыс істейді. Снаряд бөлшектерінің көптігіне қарай араларын 5-10 метрден ұстайды. Алдынан қауіпті темір кезіксе, бірден қол көтереді.
- Капитан Мүсіров!
- Мен.
- Маған кел.
Адам өміріне қауіп тудыратын заттың бәрін осылай алып кетеді. Ұсақ бөлшектерін әр жерге көзге көрінетіндей қылып жинап отырады. Далада жатқан жарылғыш зат күннің қызуымен тағы қауіп тудырмай ма деген сұрақ осы күні кім-кімді де мазалап жүр.
- Бұл артиллерияның снаряды. Бұл үш бөлшектен тұрады. Басында жарылғыш заты болады. Ол снаряд тиген кезде жарылады.
Капитан Ермек Мүсіров өмірін қауіпке тігіп, снарядтарды тазалап жүргендердің бірі. Оның айтуынша, сол басындағы жұдырықтай жарылғыш заты болмаса, снаряд жарылмайды. Күн шуағы да аса қауіпті емес. Бірақ, қауіп аяқ астынан.
Әскери база аумағынан ұшқан жарылғыш заттар ен далаға шашырап кеткен. Саперлардың есептеуінше, мұндағы әрбір шаршы метріне 3-4 бөлшектен келеді. Жарылғыш зат бөлшектерінің көлемдері де әр түрлі. Араларында мынадай жарылғыш заттың негізгі бөлігі де жатыр.
Жиналған снаряд бөлшектерін арнайы жүк көліктеріне тиеп, 60 шақырым жердегі полигонға апарып көзін жойып жатыр. Тек мынадай шеті бұзылмаған снарядтарды абайлау керек. Сол үшін кейде екеулеп көтеріп апарады. Ал әскерибазадағы жарылмай қалғандары, яғни, әскери бөлімді қорғауға қажетті атыс қаруы оқтарынан басқа атылатын, жарылатын нәрсенің бәрін елдімекен аумақтарынан алысқа әкетпек. Ғұмыры ғасырға жуықтаған әскери база да қару-жарақ айтарлықтай жиналып қалған. Сондықтан оны көшіру оңай емес.
Нұрлан Ермекбаев, Қорғаныс министрі:
- Қауіпсіз жерлерде қойма жасауға арнайы орындар белгілеуіміз керек. Қазақстанда қару сақтайтын басқа да жерлер бар. Сол жерлерде орын дайындаймыз. Тек оларды көшіруге көп шығын кетеді. Тасымалдауға қаншама вагон, контейнерлер қажет. Оған қоса, жарылғыш заттарды алып бара жатқанда да, қоятын жерде де толық қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек.
Жұмыс ауқымы үлкен болғандықтан көшіру жұмыстарының қашанға дейін жалғасатынын айту қиын. Бастысы, ол жұмыстар басталды. Ал қайда әкетіп жатқаны жасырын. Елге жарияланбайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!