Арысты қалпына келтіруге 34,5 миллиард теңге жұмсалмақ
Арыс қаласы аумағынан бүгінге дейін табылған снаряд бөлшектерінің саны 30 мыңнан асып кетті. Тазарту жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Тіпті жағдай жұрт күткеннен де асып түсті. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, әскери база аумағынан ұшқан жарылғыш заттар көрші ауылдарға дейін жеткен болып шықты. Саперлар ол елдімекендерді де тазартып жатыр екен.
Автор: Ербол Тұрымбет
04.07.2019
Қорғаныс министрлігі «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшысының орынбасары Ермиян Биятовтың айтуынша, жарылыстан бытырай ұшқан снарядтар мен олардың бөлшектерінің ұшу аумағы 10 шақырым жердегі елдімекендерге жеткен болып шықты. Жалпы, осы күнге дейін Арыс қаласы мен аумағынан 30 700 снаряд пен оның бөлшектері табылды дедік.
Бірақ бұл әлі соңы емес. Өйткені, осы күнге дейін 536 үйден 102 нөміріне қауіпті зат туралы шақыру түссе, сондай адамдар әлі де хабарласып жатыр екен. Сондықтан саперларға күн сайын тыным жоқ деуге болады. Себебі күн сайын бірлі-жарым бөлшектер аулалардан әлі де шығып жатыр. Ал далаға шашылған бөлшектердің арғы шеті Арысқа жақын орналасқан ауылдарға жетіп жығылыпты.
Ермиян Биятов, ҚР Қорғаныс министрлігі «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшысының орынбасары:
- Қалаға жақын жатқан ауылдарға да жеткен. Айталық, «Ақ дала», «Дермене» ауылдарының аумақтарынан да біздің әскери қызметшілеріміз, саперларымыз жарылғыш зат бөлшектерін тауып, оларды тазалады. «Ақ дала» Арыстан 10 шақырым жерде. Енді одан арғы ауылдарды да тексеруге кірісіп кеттік.
Ендігі мәселе, Үкімет Арысты қалпына келтіруге қажетті қаражат көлемін атады. Дегенмен ол да кесімді сөз емес. Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, керекті қаражат көлемі 34,5 миллиард теңге. Оған әрбір арыстыққа берілетін 100 мың теңгеден бөлек, 7709 тұрғын үйді қалпына келтіру де кіреді. Үйлерді жөндеу жұмыстарына 19,2 млрд теңге қажет болса, оның 50 процентін басқа өңірлердің бюджеті береді. Қалғаны үкімет еншісінде. Барлығын жіктей келгенде, Арысқа құйылатын қаржы көлемі мынадай болып шықты.
Әлихан Смайлылов, Қаржы министрі:
- Нәтижесінде Үкімет резервінен 15 жарым млд теңге, жергілікті бюджеттерден 10,6 млд теңге, «Самұрық-Қазынадан» 6 млд теңге, демеушілер және қайрымдылық көмек есебінен 2,5 млд теңге жоспарланып отыр. Дегенмен бұл цифрлар әлі өзгеруі мүмкін.
Түске дейін Елордада Сенат депутаттары алдында жауап берген Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев түс ауа Арысқа ұшып келді. Жағдайды тағы бір өз көзімен көріп кетуге келіпті. Әскерлердің қалай жұмыс істеп жатқанынан бөлек, тұрмыс жайлары да маңызды. Әскери бөлім ішіндегі көпқабатты үйлердің қазіргі жағдайы қиын. Үйіліп жатқан есік-терезенің үйдің ішінен шыққаны айтпаса да түсінікті. Сарбаздар, жауынгерлердің жағдайымен танысып, техникалық мүмкіндіктеріне дейін сұрап біліп жүр.
Ахуалдың ауырлығынан Ермекбаев елдегі қаладағы болсын, даладағы болсын, басқа да әскери гарнизондардың барлығын тағы бір тексеруге пәрмен беріпті. Бұл да ешқандай елдімекенде оқ-дәрі қоймаларының болмауы үшін жасалып отыр. Ал оқиғаның себеп салдары бойынша кінәлі деп танылған тұлғалар қатаң жауапқа тартылады. Оларды ешкім жасырып қалмайтынын министр уәде етті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!