Ішімдік ішіп суға түсетіндерді полицейлер сабасына түсіре алмай отыр
Елімізде суға кетіп, ажал құшқандар саны артып барады. Биылдыққа Шығыс Қазақстан облысы бойынша 19 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық көрсеткіш. Сондықтан, өскемендік құтқарушылар мен семейлік полиция қызметкерлері өзен жағалауларына жаппай рейд жүргізуде. Ал, олардың ақтаулық әріптестері жұрт ескертуді елемейді деп өкпелі. Тіпті, оларға салынған айыппұл да сабақ болмаған көрінеді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
05.07.2019
Керісінше, ішімдік ішіп және қауіпті аумақтарға шомылатындардың қатары қалың.
Биылғы жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 19 адам суға батып кеткен. Қайғылы жағдайлардың басым бөлігі шомылу ережелерінің сақталмағанынан болғанын айтады. Сондықтан олар жұртқа өзен жағасында ішімдік ішпеуге және балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.
Өскемендік судан құтқарушылар шомылу маусымы басталғаннан бері өзен жағасын жағалап, жұртқа ескерту жасап әлек. Әйтсе де, олардың қауіпсіздік ережелері жазылған үнпарақтарын ескеріп жатқан ешкім жоқ. Ақыры, мамандар шомылушыларды қайық арқылы қадағалап, оларға суға тұңшыққан адамға жасалатын алғашқы көмекті түсіндіруді қолға алған.
- Абайлаңыздар. Алысқа кетпеңіздер!
Ал, семейлік полиция қызметкерлері жұртқа құрғақ түсіндіру жұмыстарынан мезі болғандарын айтады. Себебі, Ертіс өзеніне ішімдікке сылқия тойып алып түсетіндер мен жағалауларды ластайтындардың қатары артып кеткен. Тіпті, кейбірі көліктерін судың жағасына жууды әдетке айналдырыпты. Амалы таусылған олар жазалауға көштік дейді.
Елеубек Оспанов, Семей қалалық ПБ баспасөз қызметінің бастығы:
- 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 12 мың 600 теңгедей айыппұл салынатын болады. Хаттама толтырып Семей қалалық әкімшілік сотына жолдаймыз. Әкімшілік соты айыппұл салады не болмаса қамауға алады.
Каспий жағасындағы Ақтауда да дәл осы жағдай. Судағы қауіпті деген иірім жерлерге белгі қойылғанымен жұрт онда шомылуды доғаратын емес. Сондықтан олар да ескертуге құлақ аспағандарды жаппай жазалауда. Бірақ, салынған 1 млн. теңгегеден астам айыппұлдың сабақ болатын түрі жоқ.
Мұрат Мұқанов, Маңғыстау облысының ТЖД бастығының орынбасары:
- Облыста екі жерде жылжымалы пост қойылды. Ол Шора каналында және 4-ші шағын аудандағы Тарас Шевченко маңында. Әрине, қайғылы жағдай биылғы жылы 5 адам суға кетіп қаза болды. 9 адам құтқарылды және 7 адамға алғашқы көмек көрсетілді.
Жалпы, еліміз бойынша былтыр 60 адам суға батқан. Ал, биылғы жарты жылдықтың өзінде тілсіз жау құрбандары 74-ке жетті. Шомылу маусымы аяқталғанша бұл сан өсе түседі деп қауіптенген құтқарушылар, жұртқа суға түсудегі қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға кеңес береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!