Жайықтағы балықтың қырылуына кінәлі делінген күдіктілер сотта жауап беріп жатыр
Атырауда былтыр желтоқсан айында Жайықта жаппай балықтың қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық іс 7 ай дегенде сотқа жетті. Қылмыстық іс 29 томды құрайды. Ал айыпталушылар орындығында «Атырау су арнасы» мекемесінің үш қызметкері.
Автор: Жанар Низамутдинова
05.07.2019
Атышулы «балық ісіне» қатысты кәсіпорынның бұрынғы басшысы Руслан Құрметов, оның орынбасары Виктор Сущенко және су тазарту стансасының бастығы Михаил Чурсин айыпталуда. Бұл үшеуіне Қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы бойынша айып тағылып отыр.
Яғни, судья қылмыстық істі «Қоршаған ортаға аса ірі залал келтіруге алып келген жерүсті суларын ластау», «бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» және «Салғырттық» баптары бойынша қарауда. Айыптау актісін жарты күн оқыған прокурор Жайық өзенінен 15 тоннаға жуық өлі балық жиналған деген деректі айтты.
Жақсылық Сикмови, мемлекеттік айыптаушы:
- Кәсіпорын мемлекетке 14 миллион теңгеге жуық зиян келтірді. Сондай-ақ «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытының 1 тонна 784 келі бекіре балығы өлді. Балық қорғау инспекциясындағылардың есебі бойынша, зауытқа - 429 миллион теңгеден астам шығын келген. Сонымен қатар «Луговой жылқы зауытының» Атырау филиалында 100 тоннадан астам бекіре және қырылып қалды.
Қара және бағалы балықтардың жаппай қырылу дерегі өткен жылдың желтоқсанында Атырау жылу электр орталығына қарасты өзектердің бірінде басталған еді. Бірақ, кейін ол жерден жиналып алынған тоннаға жуық балықтың уланып емес, механикалық жолмен өлгендігі белгілі болды. Ал, жылу электр орталығы бұған қатысты өз кіналарын мойындап, айыппұл төлеп құтылған-ды.
Арада аз уақыт өткенде Жайықтағы балық та қырылып, экологтар бұл жолы су маржандарының өзенге құрамында хлориды шектен тыс көп сарқынды су жіберілгендіктен өлгендігін айтып, істі тиісті орындарға тапсырды. Осы оқиғаға орай құрылған Ішкі істер министрлігінің тергеу тобы «Атырау су арнасын» басты күдікті деп таныған.
Жайыққа төгілген улы судан бірнеше кәсіпорын зардап шекті. Анығырақ айтқанда, Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытында тоннадан астам, ал тауарлы бекіре өсірумен айналысатын «Луговой жылқы зауытының» Атырау филиалында 108 тонна немесе 36 000 данадан астам бағалы балық қырылып, бұл шаруашылыққа шамамен жарты миллиард теңгедей шығын келген еді. Бұл оқиға қоғамда үлкен пікірталас тудырып, Президент ҚасымЖомарт Тоқаев өз бақылауына алған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!