Арыс тұрғындары үйлерін ғана емес, қора-қопсысын да жөндеп беруін сұрап отыр
Арыста тағы жарылыс болды. Адамға қауіп келмесе де бір жүк көлігі зақымданыпты. Ал бұдан да зорын көрген арыстықтар қалыпты тіршілігін жалғастыра берді. Тек жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтындар да бар. Қабырғасына жырық түскен кей үйлердің тек шатыры ғана жөнделмек. Ал снаряд бөлшектері талқандап тастаған қора-қопсы тіпті жөндеу жұмыстарының жоспарына енгізілмеген.
Автор: Ербол Тұрымбет
05.07.2019
Арыста әдеттегідей үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқан еді. Кенеттен дүңк еткен дауыс жұрттың тағы зәресін алды. Қатты дауысқа жұрт тағы бір елегізіді. Жауаптылар тағы бір жарылыстың болғанын жариялады. Адам зардабы жоқ, тек жүк көлігі зақымданыпты. Сондықтан мамандар жұртқа ондай заттарға жақындауға болмайтынын тағы ескертті.
Бақыт Құрманбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Кейбір жарылғыш заттардың бөлшектерін көтеруге болмайды. Оны енді өзіміз жарамыз. Бүкіл керекті шараларды өзіміз істейміз.
Дүңкілге құлағы үйреніп қалғандай, жұрт тіршілігін жалғастыра берді. Бағалаушы мамандарды шақырып, зақым көлемін белгілетіп жатыр. Келтірілген залал актісін жасау үшін олар сыртынан бастап зақым деңгейін есептей бастайды.
- Жарылыс дүмпуінен терезенің бәрі сынған. Сол бойынша шығынды есептейміз ғой.
Үй іші, қабырғалардың қирағанына дейін көріп, қағазға түсіріп, қаражат бөлетін жерлерге береді. Қазір көп үйдің шатыры жаңара бастаған. Жиналып тұрған жап-жаңа құрылыс материалдары базардан енді ғана әкелінген. Мәселен Атырау облысының аумағына кіретін мына үй қолдануға дайын. Соңғы әрлеу жұмыстары бітіп жатыр. Жалпы 17 сектордың ішіндегі ең ауыры осы облысқа тиіпті.
Жасұлан Сүйіншәлиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
- Тұрғындар үйінен бөлек, сарайларын да жөндеп беруін сұрайды. Бірақ олар заңсыз салынған және құжаттары жоқ. Сондықтан оларға ең бастысы тұрып жатқан үйлерін ғана жөндеп беретінімізді түсіндіріп жатырмыз.
Жалпы, әр үйді жөндеуге зақым дәрежесіне қарай 500 мыңнан 16 миллионға дейін қаражат керек. Бірақ қирағанның бәрі бірдей жөнделе бермейді. Мәселен мына үйдің қабырғалары бір-бірінен бөлініп кеткен. Кейін құлап қалмасына кім кепіл? Қабырғаларына осындай жырық түскен үйлер Арыста көптеп кезігеді. Ал мына үйдің тек шатыры ғана жөнделмек. Оған жапсарлас салынған қора-сарайларының шатырларына ешкім назар аудармапты. Жақында ғана салып бітіргендіктен құжатын жасап үлгермеген екен. Тексеріп келген мамандар оған көмектеспейтінін айтыпты. Үй иесі соған ренжулі.
Ұлтуар Меркебаева, Арыс қаласының тұрғыны:
- Жарылыс болды. Біз кінәлі емеспіз оған. Ал зардабын біз көріп отырмыз. Қарапайым халықтың не кінәсі бар? Әйтеуір амалдап қашып құтылдық. Ол кезде дүние де, мал-мүлкің де керегі жоқ екен. Енді үймен қоса, қора сарайды да жөндеп берсін. Артық ештеңе сұрамаймыз.
Опырайып тұрған мына тесік снарядтан қалған естелік. Ұлтуардың үйі қаланың шеті, әскери базаға ең жақын орналасқандардың бірі. Дәл сондай тесік үй ішінде де бар. Кесек кірпіш қабырғаны темір шіркін тесіп өтіпті. Ал жарылыс толқыны үйді теңселтіп жібергенге ұқсайды.
Мына жерде екі қабырғаның біріккен жері ажырап кеткен. Бұл жарылыстан пайда болған ауа толқынының әсері. Артқы қабырғаға да мынадай тарам-тарам із түскен. Көзбен оңай көруге болады. Мына жақта да сондай көрініс, екі қабырғаның біріккен жері осылай опырылып кеткен. Ал құрылысшылар бұл үйдің тек шатырын ғана жөндеп беруге уәде қылып отыр. Егер мына қабырға артқа қарай құлап кетсе, оған кім жауап береді? Мәселенің мәнісі осында болып тұр.
Өйткені, бетін сылап, шатырын көтеріп берсе де кейін аражігі ажыраған қабырғалардың опырылып түспесіне кім кепіл? Немесе сонша қаражатына салған құрылысы қирап жатса оны кім өтеп береді? Ол әзірге жауапсыз қалып тұр.
Ербол Ахметов, Түркістан облысы құрылыс басқармасының бастығы:
- Бірінші кезекте тұрғын үйлерді жөндеп беріп жатырмыз. Гараж сарай дегендерді келешекте қарайтын шығармыз. Шешім бойынша, тұрғын үйлерді бірінші кезекте бітірсек деп ойлап отырмыз.
Жалпы, Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 6 мыңнан астам үйдің әзірге тек 130-дан астамы ғана жөнделіп біткен. Жалпы құрылыс жұмыстары жоспар бойынша алдағы тамыз айына дейін бітуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!