{metadescription}
Алматының атақты тиінін түрлендіруге тағы 10 миллион теңге қажет
Алматының атақты тиінін түрлендіруге тағы 10 миллион теңге қажет

Алматының атақты тиінін түрлендіруге тағы 10 миллион теңге қажет

Сабанның орнын пластик басады. Алматының былтырдан бас атрибутына айналған тиін түрленетін болды. 23 миллион теңге жұмсалған мүсінді енді қайта қалпына келтіруге тағы 10 миллион теңге қажет. Жоба авторлары тұрғындардан көмек бола ма деп қол жайып қарап отыр. Қазір керек соманың тек екі пайызы ғана жиналған. Күйі кеткен тиіннің қазіргі түрі қандай?

Түгі түскен түлкідей түгі қалмаған тиіннің қазіргі күйі осы. Былтыр атқамінерлер ауыз толтыра мақтап, Алматының бас арт нысанына айналады деген мүсіннің жарамдылық мерзімі жылға ғана жетті. Сабаннан соғылғандықтан, сарғайып, қурағандықтан енді оны пластикке алмастырмақ.

Тиіннің түрленетініне қуанып жүргендердің бірі көше сыпырушы Сәулетхан Әбдібекова. Өйткені, жел соқса ұшатын, жан-жаққа шашылатын сабанды жинау оның күнделікті жұмысына салмақ түсіреді.

Сәулетхан Әбдібекова, көше сыпырушы:

- Біздің жұмысымыз көбейеді ғой. Біздің міндетіміз сыпырып жинау. Дегенмен де сабан емес, басқа нәрседен жасаса.

Басқа емес, сабанның орнына енді мүсінді пластикпен қаптайды. Осылайша бұл жай тиін емес эко-тиін болып шыға келеді. Қазір қажет бір тонна пластиктің тек 200 келісі мынадай жәшіктерге жиналыпты.

Ержанат Смақов, Алматы қаласының тұрғыны:

- Немерем жинайды. Өзіміз Атакентте тұрамыз. Немерем күнде болмай есік алдына шығып осында келеді.

Үңірейген көздері мен қолындағы жаңғағы қалып, қалғаны жалаңаштанған тиін қазір ұсқынсыз. Бұрынғыдай аялдап, суретке түсетін адамдар да жоқ. Былтыр әкімдік қазына қаржысынан 15 млн бөліп, Ұлыбританиядан арнайы маман алдырып, бас аяғы 23 млн теңгеге бой көтерген тиінді бірі ақтаса, екіншілері даттап жатты. Тіптен, айыптың арқасында хайп жинағысы келген студенттер Алматы іргесіндегі Алмалыбақ ауылында оның сыңарын ешқандай шығынсыз-ақ жасап шықты. Шаһардың экс-әкімі арт нысанға сынай қарағандардың көп екенін сезгеннен бе көп өтпей, мүсінге жұмсалған ақша қайтқанын айтып ақталды.

Бауыржан Байбек, 2015-2019 жж Алматы қаласының әкімі:

- Әлемдік өлшеммен қарайтын болсақ бұл жоба қымбат емес. Тиін ақпараттық жарнама тұрғысынан оң әсерін берді. Тұрғындардан әртүрлі кереғар пікірлер болатынын алдын ала болжағанбыз. Осы тиіннен алматылықтардың мінезін көрсек те болады. Көбіне түймедейді түйедей етіп көрсетеміз.

Қызығы сол, Бауыржан Байбектің әкімдік қызметінен кетуімен тиін де жалаңаштанып, жалғызсырап қалғандай. Енді оның қашан қайта қапталатыны белгісіз. Жобаға жауаптылар осы күзде пластиктен соғылған эко-тиінді таныстырамыз деп ойлаған. Алайда, 10 млн теңгенің қазір тек 200 мың теңгесі ғана жиналыпты.

Майра Измаилова, «Атакент-тиін» жобасының ұйымдастырушысы:

- Бұл жаңа технология. Қоқысты өңдеп, одан осындай пластик жасап шығарамыз. Ерекшелігі сол, тұрғындар кемі 5 мың теңге ақша аударып, өздерінің есімдерін осы пластиктерге жаздыра алады. Компаниялар үшін 200 мың теңгеден басталады. Әзірге тиіннің түсі қандай болатынын шешпедік.

Бұл тиіннің түрленуден әлегі шыққан шығар. Көктемде тақиялы тиін атанды. Енді сабанын тастап, пластикпен қапталмақ. Тұрғындардың мүсінді мазаққа айналдырмаса екен деген тілегі бар.

Дәмелі Аусалықова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Қайтадан жасап, жаңартқанына қарсы емеспін. Енді менің көңілімді көтереді. Маған ұнайды. Бұл сол өнердің бір саласы. Қуанам мен.

Миллиондар жұмсалған сабан мал жеуге де жарамсыз. Ұйымдастырушылар жағуға да, лақтыруға да қимайды. Бәлкім одан орындық жасаймыз ба деген ойларын айтып қалды. Сондықтан көше сыпырушы Сәулетхан апа шашылған сабаннан көзін ашпайтын сыңайлы.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

01 ақпан

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.