Археологтар бір қапшық алтын тауып алды
Отандық археологтар Тарбағатайдағы «Алтын адам» қорымын тағы зерттеп жүріп, мол олжаға кенелді. Жалпы аумағы 25 шаршы шақырым жерде қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдар, бір қапшық алтын тауып алған.
Автор: Жанар Низамутдинова
10.07.2019
Археологтардың айтуынша, қорғанды ертеректе әлдекімдер қазған. Бірақ, оңай олжа іздегендер алтыннан жасалған әшекейлердің барлығын бір қапшыққа жинағандарымен, неге екені белгісіз, оны өздерімен бірге алып кетпеген. Сол жинаулы күйінде жер астында ұзақ жылдардан бері жатқан қымбат бұйымдар топырақпен араласып, түйнек болып қалыпты. Осыған қарағанда қорған жерлеу рәсімі өте салысымен тоналған болуы да мүмкін. Қазір алтын жәдігерлердің кейбір бөліктері қалпына келтірілді. Көпшілігі мүйіздері алтын сымнан иіліп жасалған арқар мүсіншелер. Сондай-ақ олардың арасынан Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ алтыннан құйылған елік пен жал мүсіндері де табылған.
Зейнолла Самашев, археолог:
- Былтыр алтын адамның қаңқасы табылған жерден биыл тағы да өте құнды бұйымдар тауып алып отырмыз. Оларға қарап, осы төңіректі біздің дәуірімізге дейінгі 8 ғасырда ата-бабамыз мекендеген деп айта аламыз. Осы жерде басталған жұмыс нәтижесіз емес, тарих үшін құнды мәлімет аламыз деген үмітіміз бар. Бұл тек бастама ғана, нағыз қызықты деректер осы айдың аяғында қолымызда болады деп ойлаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!