Алматыда күнге күйіп денесін күйік шалғандар көбейген
Осындай ыстықта күнге қыздырынамын деп күйіп қалып жатқандардың саны артуда. Алматыда бір айдың ішінде күн сәулесінен 12 адамның денесін күйік шалып, ауруханаға түскен. Ультракүлгін сәулесінен зардап шеккендер көбінесе шіліңгір шілдеде жағажайларға барып, қарайғысы келетіндер екен. Бұған қатысты, Алматылық дәрігерлер аптап ыстықта шомылуға, ашық күннің астында көп жатуға болмайтындығын тағы ескертуде.
Автор: Салтанат Шырынхан
12.07.2019
Нұржан Биқоңыров, Алматы қалалық №4 клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі:
- Күн сәулесінің күйіктерінің бір айырмашылығы I, II дәрежелі ғана болады, терең болмайды. Бірақ олардың көлемі үлкен болады. 60%, 70% денесінің көлемі күйеді. Егер емделмей сол бойы жүре берсе,олар суланып кейін инфекция түсіп іріңдеп кетуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, күйік шалған дененің алғашқы белгілерін оңай анықтауға болады. Сол сәтте зардап шеккен тері ашып, ауырады. Көлдіреп, ісінеді. Одан кейін науқастың жалпы жағдайы нашарлайды. Шөл қысатын көрінеді. Осылайша аңқаны кептірген аптап ыстық теріңді де кептіріп жіберетінін дем алушылар кейде ұмытып кетіп жатады. Жақында ғана көлге барған Бақыт есімді ару күнге қақталамын деп, небәрі 1 сағаттың ішінде денесін күйдіріп алған екен.
Бақыт Шеңгелбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Алғашқы күндері жағдайым тым нашар болды. Бүкіл денем ауырып, қызуым көтерілді. Арқам толықтай күйгендіктен, тіпті төсекке жата алмадым. Күн сәулесінен қорғайтын жақпа майлардың өзі әсер етпепті. Сол себепті қыздарға қараямын деп, күн астында көп жүрмеуге кеңес беремін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!