Өскеменде көп пәтерлі үй тұрғындары бір күнде өртеніп кетеміз бе деп алаңдап отыр
Оған баспаналарынан қол созым жерде салынып жатқан нысан себеп болуы мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, компания өкілдері әуелі тұрғын үйдің қасынан қонақ үй мен сауда-ойын сауық орталығын саламыз деп алдаған. Ал, қазір нысанның мақсатын өзгертіп жіберген деп наразы.
Автор: Жанар Низамутдинова
12.07.2019
Өздерін тозақта өмір сүріп жатқандай сезініп жүргендер – қаладағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойындағы 144 пәтерлік үйдің тұрғындары. Тыныш өмірлері осыдан үш жыл бұрын, мына жерде құрылыс жұмыстары басталғанда бұзылыпты. Бірақ, ол кезде жауаптылар жұртқа қажетті орталық саламыз деп ашуларын басқан екен. Дегенмен, уақыт өте келе ойларын өзгерткен.
Гүлжазира Усинова, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Алғашында ойын сауық орталығы немесе қонақ үй болады деді. Аяғында қазір жанармай бекетін салып жатыр. Біз қарсымыз, үйге өте жақын. Қауіпті.
Бірақ, шырылдаған бұқараны тыңдайтын құлақ әзірге табылмай тұрғанға ұқсайды. Жанар-жағар май стансасының тұрғын үйден небары 21 метрде салынып жатқандығын айтып, біраз жауапты деген жерлерді жағалапты.
Наталья Седищева, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Мына құрылысқа рұқсат берген орындардың ешқайсысы бізбен кездескісі келмейді. Біз оларды тыңдауға дайынбыз. Біз мына жанар-жағар май бекетінің кесірінен құрбан болғалы тұрмыз. Біз көп нәрсе талап етпейміз. Тек тұрғындармен кездесуге келсінші.
Бұл жолы да наразылық білдіргендермен, тілдесуге тиісті орындардан ешкім келмеді. Жанар-жағар май стансасының өкілдері де жоқ. Тұрғындардың талабын тыңдаған - тек құрылыс компаниясының қызметкері ғана.
Қайрат Жүнісбаев, құрылыс компаниясының өкілі:
- Жанармай бекеті мен әкімшілік ғимарат болады. Көлік жуу орталығы болмайды. Бізде тиісті органдардан құжаттардың бәрін алғанбыз, сондықтан заңсыз емес, заңды.
Тұрғындар осы құрылыстың кесірінен пәтерлерін сата алмай отырған көрінеді. Клиенттер болашақта бұл жерде жанар-жағар май стансасы болатындығын естіген соң, саудаласпай теріс айналады деп өкпелі. Жергілікті биліктен күдер үзгендер, мәселемізге облыс пен елордадағы басшылық назар аударар деп үміттенеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!