Алматыда экстремалдық марафон адам өлімінен кейін тәртіпті күшейтпек
Алматыда Номад Рейс экстремалдық жарысына қатысқан 25 жастағы жігіт мәреге жетпей көз жұмды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бірден кәсіпқойлармен бәсекелес болуды жөн көрген команда биыл алғаш рет тіркелген. Сонымен қатар әртүрлі тосқауылдардан қойылған марафонның биылғы ережелері де қарапайым болыпты.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
15.07.2019
Дәулет Бейсембаев марафон заңына сәйкес денсаулығы қалыпты екені және қандай да бір жағдай бола қалса жауапкершілікті өз мойнына алатыны туралы қағазды өзі толтырған. Кәсіпқой спортшылармен сынға түсуге талаптанғандардың жарыс басында көңіл күйлері де тамаша болыпты. Алайда, бірінші кезеңнен кейін өзін жайсыз сезінген атлет орта жолда тоқтаған. Ақ халаттылар есінен танып қалған оның өмірін арашалап қалу үшін екі сағаттан астам уақыт арпалысқан. Бірақ, құтқару мүмкін болмады. Енді қайғылы оқиғадан кейін спорттың бұл түрін олимпиада ойындарына қосу үшін белсенді түрде жұмыстар атқарып жүрген ұйымдастырушылар марафонға тіркеу талаптарын күшейтеміз деп отыр.
Эльмира Эзями, Nomad race ұйымдастырушысы:
- Біз дәрігерлерді жарыс алдында ұйымдастыра аламыз. Ол үшін арнайы емханалармен де келісімге отыруымыз әбден мүмкін. Себебі, көптеген атлеттер өзінің дәрігерлердің рұқсатын алмастан өз еріктерімен жарысқа қатысып жатады. Бұл өте қауіпті. Сондықтан болашақта мұндай жағдайлар болмас үшін тәртіп күшейетін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!