{metadescription}
Тоқаев «Теңіз» кен орнындағы оқиғаға пікір айтты
Тоқаев «Теңіз» кен орнындағы оқиғаға пікір айтты

Тоқаев «Теңіз» кен орнындағы оқиғаға пікір айтты

Осы Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер мәселесіне тоқталды. Президент жердің шетелдіктерге сатылмайтынын тағы да шегелеп айтты. Бірер жылда жер кодексіне енгізілген мораторий аяқталады. Оған дейін халық пен Парламент бірлесіп түпкілікті шешім қабылдауы тиіс. Президент алғаш рет үкімет мүшелерімен кеңейтілген жиында тағы қандай тапсырмалар жүктеді?

Үкіметтің кеңейтілген отырысы әдеттегідей ведомоство басшыларының есебін тыңдаумен басталды. Күн тәртібіндегі маңызды мәселелер көп. Соның ең негізгісі – жер кодексі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер телімдерін тиімді пайдалану керектігін айтты. Себебі, елімізде 16 жарым млн гектар алқап игерусіз жатыр. Бос жер телімдеріне қатысты аудит цифрландырылмақ. Су ресурстарын да тіркеу қатаңдатылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2021 жылы жер кодексінің нормаларына енгізілген мораторий аяқталғанда біз жер мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылдауымыз қажет. Парламент мүшелері, халық осы мәселе бойынша шешім қабылдайды. Ал шетелдіктерге келер болсақ, жер оларға сатылмайды.

Жақында Тоқаев бюджеттен қаржыландырылатын субъектілерді құруға уақытша тыйым салғаны белгілі. Бүгінгі жиында Президент «ҚазАгро» холдингін сынға алды. Өйткені республика бойынша ауыл шаруашылығына жауапты мекеме қарызға белшеден батқан. Пайдасынан зияны көп. Холдингтің былтырғы берешегі 120 млрд теңгеден асыпты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қаржыландырылған 672 жобаның 270-сі немесе 40 пайызы тоқтап тұр. Сұрақ қойып, түсіндірудің де қажеті жоқ. Компания тез арада реформалансын.

Жиында құрылысы мен бюджеті «жыр» болған ЛРТ жайы талқыланды. Президенттің пікірінше, жеңіл рельсті транспортты қолданушылар саны қазірдің өзінде аз. Әуелде сәулетшілердің пікірі ескерілмеген. Ұзындығы 22 шақырымдық жер үсті метросы «Экспо кезінде қосылуы тиіс еді. Жобаның мерзімі қайта-қайта кейінге шегеріліп, соңында Елорданың бас ауруына айналған жайы бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әкімдіктің мәліметінше, жеңіл рельсті көлік жүйесін тәулігіне 146 мың адам пайдаланады. Бұл  болжам. Дәл қазір осы әуежайдан жаңа теміржол вокзалына қарай 2 000 адам ғана қатынайды. Жобаның құны өте қымбат. Өзін-өзі ақтамайды.

Халықтың әл-ауқаты табысына да байланысты. Президент Тоқаев «Теңіз» кен орнындағы жергілікті жұмысшылардың құқығын қорғауды тапсырды. Жергілікті жұмысшыларға жасалған жағдай мен жалақысы шетелдіктерден кем болмауы тиіс. Тіпті қажет болса инвесторлармен жасалған кейбір шарттарға өзгеріс енгізуге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтардың еңбек құқықтарына қорғауға ерекше көңіл бөлу қажет. Атырау қаласында мен бірдей жұмыс атқаратын жергілікті және шетелдік жұмысшыларға лайықты жалақы төлеп, әділеттілікті сақтауды тапсырдым. Үкіметке осы мәселенің анық-қанығына жетіп шешуді тапсырамын. Ұлттық мүдделерді қорғау барлық мемлекеттік органдардың басты мақсаты.

Отырыстың түйіні: атқамінерлер бетегеден биік, жусаннан аласа болуы тиіс. Енді министрлер кабинетіне, облыс және қала әкімдеріне бір сәт босаңсуға болмайды. Себебі, әрқайсы әр күні, әр апта сайын жаңа жұмыс орнын ашуға, сырттан инвестор тартуға міндетті. Тоқаев жұмыстың нәтижесін осымен бағалайтынын айтты. Үстінен инвестор шағым жазған әкім жұмыстан қуылады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

12 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде