Нұр-Сұлтанда үлескерлер мәселесі әлі шешілмей тұр
Үлескерлердің ақшасына салынып, бірақ құрылысы тоқтап қалған үйлердің саны бойынша Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. Ал баспанасына жылдап қол жеткізе алмай жүрген отбасылар саны 10 мыңнан асады.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.07.2019
Бақытжан Қашақов, Құрылыс және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
- Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 51 проблемалық нысан бар. Оның 12-сіне ел қоныстанып, пайдалануға беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы шешімі қиындаған 39 нысан бар. Олардың мәселесін шешу үшін мемлекет 40 миллиард теңге қарастырып отыр.
Құрылыс және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, үлестік құрылыс жалпы тұрғын үй құрылысының 60 пайызын құрайды. Мемлекет енді солардың ішіндегі жұртты алдап кетуі мүмкін деген құрылыс компанияларын анықтауға кіріскен. Оларға хат жолдап, ай сайын сараптама өткізіп отырмақ. Қазіргі уақытта күдікке ілінген 14 құрылыс нысанына құжаттарын сұрап, хат жолданған. Бірақ жауап жоқ. Ал жалпы ел аумағында 218 нысан бойынша компаниялар үлестік құрылыс салуға рұқсат алыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!