Салық рақымшылығы басталды
Бүгіннен бастап жеке тұлғаларға салық жөнінен рақымшылық жүргізуді көздейтін заң күшіне енді. Соның аясында салығын уақытылы төлей алмаған 1 миллион 400 мың адамның өсімпұлы кешірілмек.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.07.2019
Бұл заңға Мемлекет басшысы 4 шілдеде қол қойған еді. Соған байланысты биыл жыл соңына дейін әрбір азамат салық өсімпұлдарын сыздыра алады. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сол бір жарым милионға жуық азаматтың шамамен 21 миллиард теңге салықтық берешегі бар екен. Оның ішінде 14 миллиард теңгеден астамы негізгі борыш болса, өсімпұлдары – 6 миллиард 600 миллион теңгені құраған. Салықтық қарызы бар азаматтардың саны жөнінен Шымкент қаласы көш бастап тұр. Ал қарыздар көлемі бойынша Алматы қаласы топ басында. Алматылықтар мемлекетке 5 жарым миллиард теңге берешек болып шықты. Азаматтардың өсімпұлын өшірумен мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органдарында арнайы комиссиялар айналыспақ.
Әлібек Әбділов, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Негізгі сома төленіп болғаннан кейін үш күннің ішінде жеке тұлғалардың өсімпұлдарын алып тастайтын болады. Егер де жеке азамат өзінің негізгі салығымен қоса, өсімпұлдарын да төлеп қойған болса, өсімпұл қайтарылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!