Елімізде электросамокат тізгіндегендерге жаңадан талап енгізілуі мүмкін
Бұған өзі қозғалатын екі аяқты көлік құралының қатысуымен болатын түрлі жол апаттары басты себеп. Оған қоса полицейлер жол үстінде самокат мініп тайраңдағандар әкімшілік жауапкершіліктен құтылмайтынын айтады. Тіпті, осыған дейінгі ереже бойынша электросамокат мінуге 16 жастан бастап рұқсат етілген.
Автор: Мақсат Мәлік
16.07.2019
Қалта түбін қақпайтын, кептелестің қақпанына түспейтін, қомағайланып жанармай сұрамайтын электросомакатты алматылық Дарья Пастухова 2 жылдан бері серік еткен. Бірақ, 1 ай бұрын автобус жолағында қоғамдық көлікпен қақтығысып қала жаздаған ол, содан бері сақтыққа аса мән беретінін айтады.
Дарья Пастухова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бәрі үшін жауап бере алмаймын. Десек те, тротуармен келе жатқанда адам қарасы көбейсе тоқтап, жаяу жүремін. Өзгеден бөлек өз өмірім үшін де алаңдаймын. Бірақ, самокаттан бас тарту мүмкін емес. Өте ыңғайлы. Оның үстіне көлікпен жүргендей ақылы тұрақ іздеп сандалмайсың.
Алайда, соңғы кездері электросамокат мінгендердің кесірінен көшедегі көлік апаты көбейгені жасырын емес. Жол бойындағы олқылықтың алдын алуға тырысқан тәртіп сақшылары самокатқа қатысты жаңа талап енгізілуі мүмкін дейді.
Әлібек Кеңесбаев, ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
- Шынтуайтына келсек самокаттардың техникалық қалпын қадағалау қарастырылмаған. Біз осыған орай аталмыш жағдайды реттеу үшін шара қарастырамыз. Әрине, бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елінде кезігетін мәселе. Нақты іске кіріскенде қоғам мен мамандардың кеңесіне жүгінеміз.
Десек те, полицейлер қолданыстағы ережеге сәйкес самокатпен көшеде тайраңдағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтады. Тіпті, екі аяқты осы көлік құралын тақымдағандар велосипедке арналған жолақпен жүруі тиіс. Оған мүмкіндік болмаса жолдың оң жақ шеті немесе автобус жолағымен қозғалуы шарт. Бірақ, самокат мінгендерге арналған ереже мұнымен шектелмейді екен.
Ақтоты Боранова, ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
- Электросамокатты мас күйінде басқаруға болмайды. Мүлдем тыйым салынған заң жүзінде. Мопедті де, велосипедті де жолда басқару үшін 16 жастан бастап рұқсат етілген. Самокаттарға да сондай. Яғни, самокаттарымыз мопедтерге теңестірілген болғандықтан бұған да 16 жастан бастап басқару рұқсат етіледі.
Бұдан бұрын Алматыда самокат тізгіндеген ер адам таксиден түскен қызды мұрттай ұшырып, 19 жастағы бойжеткен ауруханаға жеткізілген еді. Өткен аптада тағы бір электросамокат иесі автобуспен жолға таласып, тіпті ашуға мінген ол жүргізушіні соққыға жықты. Ақырында жұлқынып қашқан өзін көлік қағып кеткен болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!