«Славян базарының» жеңімпазы тойда ән салудан бас тартты
Димаштай жарқ еткен жаңа жұлдыз Әділхан Макинді барша қазақстандықтар қошеметке бөлеуде. Жылда әлемнің ондаған мемлекеті өзара тарысқа салатын «Славян базары» байқауының биылғы бас жүлдесін жеңіп алған жігітті жора-жолдастары әуежайдан құшақ жая күтіп алды. Халықаралық сахнада топ жарған әншіні Мәдениет министрі де құттықтауға асықты.
Автор: Аруна Ортай
17.07.2019
Тұла бойды түршіктірмей қоймайтын бұл жанды дауыс еліміздің талай байқауларына қатысқан. Бірақ, елде еленбеген ол шекара асқанда ғана барып өзінің шынайы бағасын алды. Ресей композиторы Игорь Николаевтың шығармасын барынша жандандырып орындаған Әділхан «Славян базары» сайысының бірінші күні-ақ көш бастады. Қытай, Польша, Ресей, Украина, тіпті Беларустың мен деген әншілерінің өзі талантымыздың шаңына да ілесе алмай қалды.
- 178 ұпай! Әділхан
Байқаудың бас жүлдесін ғана емес, Беларусь президентінің арнайы сыйлығын да жеңіп алған Әділханды жора-жолдастары әуежайдан құшақ жая қарсы алды. Тек әуежай ғана емес, әдетте құлаққа ұрған танадай тыныш мәдениет министрлігінің іші де Әділхан келді деп апыр-топыр кісіге толып қалды. Макин мұндайға үйренбегенін айтып, бірден ағынан жарылды. Өнері орасан болса да, өмірде тым қарапайым жігіт журналистердің тосын сұрақтарына да тосылмай жауап қатты.
Әділхан Макин, «Славян базары - 2019» байқауының жеңімпазы:
- Өнердің құнын жоғалтпайық! Өнердің құнын көтерейік! Біз, қазақ халқы тойлауды жақсы көреміз ғой негізі. Бірақ, өнердің құнын кетірмейік! Үлкен сахналарда қазақи, мықты шығармаларды көрсетуге тырысайық!
«Тойға шықпаймын» деп тура жауап берген Макин небір қалталыларға арман боп қалмақ. Тек өз үйлену тойымда ғана ән саламын деген әнші байқамай бойдақ екенін айтып қойды. Бұған дейін елде еленбей келген талантты артынша Мәдениет министрі кабинетіне шақырып марапаттады.
Ақтоты Райымқұлова, Мәдениет және спорт министрі:
- Сенің өнеріңе күллі әлем болып таң қалды. Сондықтан, саған өзіміздің гүлімізді беріп, тағы да құттықтап қояйық деп едік! Өнерің өрлей берсін! Құтты болсын!
Араға төрт жыл салып барып, Димаштың жеңісін қайталаған Әділхан да шетелге шыққан соң барып ел махаббатына бөленіп отыр. 24 жастағы әнші бұған дейін талай байқауларда бақ сынаған. Бірақ, тиісті бағасын ала алмаған. Тіпті, республикалық деңгейдегі сайыстарға қазылық еткен мен деген әншілердің өздері талантты тани алмады. Бірақ, Әділхан олар жүлде бермеді деп жасымады. Сондай жеңілістердің бірінде ол «2019-шы жылы әйтеуір шулатамын» деп жеке парақшасында жазба қалдырыпты. Осылай деген Әділхан ақыры арманына жете алды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!