Тәуелсіз сарапшылар LRT құрылысын мүлдем тоқтатуды талап етті
Елорда әкімдігі жеңілрельсті көлік құрылысын аяғына дейін жеткізетін инвесторды іздеп жатыр. Ал құрылыстың бастапқы бөлігіне пайдаланып қойған 313 миллион долларын мемлекет Қытай банкіне үстіне 31 миллион доллар қосып қайтарып беруі керек. Ал сарапшылар оған жаңа инвестор тапсақ, одан сайын қарызға батамыз деп отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
17.07.2019
Баяғы жартас – бір жартас! Елордадағы жалпы құны 2 миллиард долларға жуық қаржыға бағаланып, құрылысы тоқтап қалған жеңілрельсті көлік жобасы қала әкімдігін тығырыққа тірегендей. Өйткені қаражат бөлуші Қытай банкімен келісім үзілген. Әкімдік енді оған ақша құятын жаңа инвестор іздеп әлек. Бірақ Астана банкіне салынған 100 миллиард теңгеден астам қаражат қалай қайтарылады?
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Астана банкіндегі қаражат ол оңай шаруа емес. Бірнеше банкте проблема болды. Соның ішінде Астана банкте де осы ЛРТ-ның қаражаты болған. Сол қаражатты қайтару ол бір күндік жұмыс емес. Себебі қазір банктің мүлкінің барлығы арестке қойылған. Соның ішінде бізге қатысты үлесі де бар. Соны біз қайтаруымыз керек.
Қалай да қайтару керек. Өйткені президент тапсырды. Ал құрылысқа жаңа инвестор әзірге табылған жоқ. Жобаның тиімділігі де дәлелденбеген. «Нұрлы жол» теміржол бекеті мен әуежай арасын байланыстыратын заманауи көлік жолының ұзындығы 22 жарым шақырым. О баста осы аралықта күніне 140 мыңнан астам жолаушы қатынайды деп болжам жасалған жерде қазір небәрі 2 мың адам жүреді. Қоғам белсенділері де жаңа инвестордың мүлдем керегі жоқ, жобаны түбегейлі тоқтатқан жөн деген ұстанымда. Өйткені одан сайын қарызға батамыз дейді.
Мұхтар Тайжан, экономикалық сарапшы:
- Әрі қарай инвестиция құйсақ одан үлкен қарызға батып кетеміз. Инвестордың ақшасын қайтару керек. Одан басқа процент алу керек. Пайда көру керек. Инвестордың мақсаты сол. Ал сол пайда, сол процент қайдан шығады? Үкіметтің бюджетінен.
Мұхтар Тайжанның ойынша, бұл мәселені шешудің ең оңай жолы бар. Жобаға кеткен шығынды есептеп, оны кезінде осы шешімді қабылдаған шенеуніктердің мойындарына іліп қою керек. Өйткені о баста жобаға Қытай банкі қаржы бөле бастағанда құрылыс компаниялары 313 миллион долларды жаратып үлгерген. Енді оны мемлекет 344 миллион қылып қайтаруы тиіс. Ал 2020 жылдың жазында іске қосылуы тиіс метро құрылысы әлі біразға созылатын секілді. Енді президенттің сынынан соң даулы жобаға өзгеріс енуі мүмкін. Яғни жеңілрельсті көлік тек әуежай мен вокзалға қатынап қана қоймай бірқатар аудандардың ішімен өтуі ғажап емес. Десек те бұл тағы да қаржыға келіп тіреледі.
Қаланың қақ ортасындағы сорайған жартастардың құрылысын аяғына жеткізу үшін енді 1,5 миллиард доллар керек. Ал Астана банкінен даулы қаражаттың ары кетсе, 30-40 пайызын ғана қайтаруымыз мүмкін. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев дүйсенбіде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деген еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!