Көкшетауда изолятордан ауруханаға жеткізілген күдіктінің туысқандары оны полицейлер ұрған дейді
Абақтыдан – ауруханаға! Көкшетауда тергеу қапасынан ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген 29 жастағы Амир Албаковтың туысқандары оны полицейлер ұрған деп отыр. Қазір ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ал құқық қорғау органдары Албаков түрмеде суицидке барды деп мәлімдеді. Айта кетейік, Амир Албаков Руслан деген інісімен бірге кісі өлтірмек болды деген күдікпен 2 ай бұрын қамауға алынған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
17.07.2019
Осыдан бір жарым жыл бұрын болған қылмысқа Руслан және Амир Албаковтардың қатысы болуы мүмкін деген полицейлер ағайынды екеуді үйлерінде тұтқындаған. Бірақ олар кінәларын мойындамапты. Осыдан 5 күн бұрын 29 жастағы жігіт тергеу қапасында ес-түссіз күйінде табылған. Полицейлер «ол асылып қалды, яғни, өз-өзіне қол салмақ болды» деген. Бұған күдіктілердің туыстары мүлдем сенбейді.
Роза Татиева, күдіктілердің анасы:
- Жедел жәрдемді қан қысымы көтерілді деп шақырған. Сондықтан медициналық көмек 1 сағаттан кейін келген. Және де Амирмен бір күн бұрын өзім сөйлескенмін. Ол не үшін өзіне қол салады? Балаларыма жала жабылып отыр. Олардың ақталып шығамыз деген үміті бар. Екеуі де спорт шеберлігіне кандидат. Намаз оқиды. Мұны істеген полицейлер.
Дәрігерлердің айтуынша, жансақтау бөлімінде жатқан жігіттің жағдайы әлі ауыр. Мойнында буыну іздері бар екен.
Макшарип Мартазанов, Ақмола облыстық ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
- Ауруханаға келіп түскенде жағдайы ауыр болды. Қазір де бір қалыпты, ауыр. Тамағы қылғынып, буынғаннан миына да зақым келген. Әлі де жансақтау бөлімшесінде, ес жиған жоқ. Барлық қажетті ем-дом жасалып жатыр.
Ал полицейлер күдікті өзіне қол салған деп мәлімдеді. Тіпті, сол күнгі бақылау камерасына түскен видеоны да таратты. Мұнда полицейлердің жүгіріп жүргені, жедел жәрдем дәрігерінің келген сәті бар. Енді тәртіп сақшыларының пікірі Албаковтың суицид жасағаны шүбәсіз дегенге саяды.
Мереке Нұрымов, Ақмола облысы ПД тергеу басқармасының бастығы:
- Ол өзін өзі өлтірмек болды. Бұл суицид. Денесінде басқа ешқандай жарақат ізі жоқ. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Олардың адамға қастандық жасамақ болғаны анықталды.
Полиция мәліметінше, ағайынды Албаковтар 1 жыл 9 ай бойы қашып жүрген. Оларды тұтқындау тобы үйінің жертөлесінде жасырынып отырған жерлерінен ұстапты. Әйтсе де, туысқандары олардың бөтен адамға да, өззіне де қастандық жасауы мүмкін емес, - дейді. Әділдікке жету үшін соңына дейін күреспек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!