{metadescription}
Алматының ең қымбат аудандарының бірі тіршілік нәріне тарығып отыр
Алматының ең қымбат аудандарының бірі тіршілік нәріне тарығып отыр

Алматының ең қымбат аудандарының бірі тіршілік нәріне тарығып отыр

«Таубел» коттедж қалашығының тұрғындары суды алыстан тасып қиналдық деп шу шығарды. Су құбырын жыл сайын өз қаражаттарына жөндеп шаршаған бай-бағландар Наурызбай әкімдігінің жұмысына наразы.

Айгүл Қапарова жаз келсе қара судан тарығып, қаталап қамығамыз деп қапалы. Зәулім үйде тұратын көпбалалы ана тіршілік нәрін үнемдеп ішуге көшкендерін айтады. Ал күннің ыстығында бала-шағаны жайбарақат жуындыру тіптен арманға айналыпты.

Айгүл Қапарова, Алматы қаласының тұрғыны:

Қаладан барып, сатып аламыз. Немесе колонкадан алып ішеміз. Кішкентай нәрсете бар оларды не шайындыру, не жуындыруға қиналып жатырмыз.

Тау бөктеріндегі «Таубел» коттедж қалашығында тұратын ауқаттылар көк шыққанда ауыз судың азабын тартамыз деп ашулы. Бай-бағландар қала балансына өтсек те, ауылдың күйін кештік деп налиды. Аптап ыстықта аңқасы кепкен қалталылардың қара суды алыстан тасып жүргендеріне алты жылдың жүзі болыпты.

Мұратбек Мамыров, Алматы қаласының тұрғыны:

- Аудан қалаға көшкен, бірақ коммуналдық қызметті алмай отыр. Суды әдейі жазда өшіріп тастайды да, үсті-үстіне ақша сұрайды. Тарифіміз жоғары.

Халық әу баста экс-министр Ерлан Сағадиевтың жұбайынан жер телімін қымбатқа сатып алып, элиталық қалашыққа қоныс тепкенін айтады. Алайда шенеуніктің әйелі әр үйден су мен жарыққа жарты миллион теңгеден алып, ізім-ғайым жоғалған көрінеді. Содан бері сусаған жұрт ақша жинап, ескі су құбырын жөндеумен әлек. Бірақ оның пайдасы шамалы болып тұр. 

Дәния Досқараева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Бәрін бізге тастады да кетті. Көктемнен бастап күзге дейін су болмайды. Күнара бір кубын мың теңгеден алып тұрдық. Қыс бойы трактор жалдап мына құбырды жөндейміз.  

Ал халықты титықтатып отырған мәселеге жергілікті әкімдіктің айтар өз уәжі бар. Қара суға жарымаған коттедж қалашығына құбыр тартылыпты. Бірақ ескі болған соң қарашаны түгел сумен қарық қылуға қауқарсыз екен. Сондықтан жергілікті билік тұрғындарға шымдамдылық танытуларын сұрайды.

Жандос Тақыбаев, Наурызбай ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

Мамандар су құбырларын толығымен тексерген. Сол уақытта олардың дұрыс жүргізілмегені анықталды. 70-жылдардан бері жөндеу де көрмеген. Осыған орай, әкімдік 9 жоба әзірлеп отыр. Жаңа құбырлар салу жұмыстары күзде басталады. Халыққа күту керек. Бұл аудан облыстан қалаға көшкеніне де көп болмағанын ескерсе екен.

Атқамінерлердің айтуынша, таубелдіктердің бас ауруына айналған ауыз су мәселесі алдағы екі жылда толық шешілмек. Тозығы жеткен су құбырын жөндеуге бюджеттен 3 млрд теңгеге жуық қаражат та бөлініпті. Ал оған дейін тұрғындар тіршілік нәрін алыстан тасып, үнемдеп пайдалануына тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде