Сирек кездесетін көбелек дертімен сырқаттанатын балалар тегін дәріден қағылды
Тегін дәріден қағылдық. Балалары буллезді эпидермолиз, яғни көбелек дертімен сырқаттанатын алматылық ата-аналар осылай дау көтерді. Олардың айтуынша, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы сөзбұйдаға салып, барлығын сандалтып қойған. Соның кесірінен бүлдіршіндеріміздің халі мүшкіл деген аналар кімнен көмек сұрарын білмейді.
Автор: Мақсат Мәлік
18.07.2019
Алайда, басқарма өкілдері аталмыш дертке берілетін дәрі-дәрмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізіміне жатпайтынын айтады.
Дәрігерлер алдында жанайқайын жайып салған Гүлнәр Омарова 3 жылдан бері қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының табалдырығын тоздырыпты. Ашынған ананың айтуынша, буллезді эпидермолиз, яғни көбелек дертіне шалдыққан 4 жасар ұлы үнемі тегін дәрі-дәрмектен қағылып келген.
Гүлнара Омарова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бір жастан асқаннан кейін дәрінің берілу керектігін біліп денсаулық сақтау басқармасына арыз жаздым. Келесі айда келіңіз деп шығарып салғанына міне 3 жыл болды.
Сирек кездесетін көбелек дертімен сырқаттанатын балаға қол тигізудің өзі қорқынышты. Тіпті, күн көзіне шықса да нәзік тері күлдіреп, үстіне жара қаптайды. Елімізде мұндай сырқатқа душар болған 56 бала бар екен. Ал, ауыр дерттің зардабын тартқан бүлдіршіндерге қол ұшын созып жүрген қоғамдық ұйым өкілдері де Алматыдағы ахуалдың асқынғанын жасырмады.
Сұлтан Аллабергенов, «Көбелек балалар» қайырымдылық қорының директоры:
- Барлық аймақтар дәрі-дәрмекпен қамтамамыз етілген. Маңғыстау облысы мен Алматы қаласы қиындау болып тұр. Себебі балалар мүлдем қамтамасыз етілмеген.
Алайда, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өздеріне шаң жуытпады. Олардың пікірінше, аталмыш дертке берілетін дәрі кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізіміне енбейді. Бірақ, жақында мәселені шешуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген көрінеді.
Айгүл Балғабаева, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:
- Бізге мәслихат сессиясынан соң 23 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жүріп жатыр. Оған заң бойынша 45 күн кетеді. Жақын арада тендер қорытындысы шығады. Ал, қала бойынша бұған дейін осы дертке шалдыққан 4 бала тіркелсе, оған тағы 1 науқас қосылды.
Басқарма өкілдері алып шаһар Алматының өзге аймақтан кеш іске кіріскенін ата-аналардың биыл көктемде ғана жазбаша өтініш айтқанымен түсіндірді. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, 2 аптаның ішінде қажетті дәрі-дәрмек қолға тиеді. Бірақ, баласының өміріне алаңдаған аналар әр күніміз алтыннан қымбат деп жыларман күйде отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!