{metadescription}
Семейде жалдамалы пәтерге қол жеткізгендер баспаналарынан қуылып жатыр
Семейде жалдамалы пәтерге қол жеткізгендер баспаналарынан қуылып жатыр

Семейде жалдамалы пәтерге қол жеткізгендер баспаналарынан қуылып жатыр

Семейде мемлекеттік бағдарлама бойынша жалдамалы пәтерге қол жеткізгендер, баспаналарынан жаппай қуылып жатыр. Олардың 5 жылға жасалған келісім-шарттары биылғы жылдың тамыз айында аяқталады. Жергілікті билік жұртқа жалдау мерзімін ұзартамыз деп уәдені үйіп-төккен көрінеді. Әйтсе де, бес қабатты үйдің тұрғындары жеме-жемге келгенде далада қалатын түріміз бар деп ашулы. Ал шенеуніктер заң талабынан аса алмайтынын айтады.

Бұл 5 қабатты баспана «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған. Ондағы 60 пәтер 2014 жылы жетім балаларға және мемлекеттік қызметкерлер мен жас отбасыларға берілген екен. Алайда олардың жалдамалы пәтерге жасаған 5 жылдық келісім-шарты аяқталуға жақын. Сондықтан қайда баратындарын білмей дал.

Солардың бірі – Мәдина Исабаева. Ол кезінде бір бөлмелі пәтерге жетім ретінде қол жеткізіпті. Енді, үйді босатуға қағаз келгенде төбемнен жай түскендей болды дейді. Үш баламен барар жері, басар тауы жоқ. Ал отағасының алатын 60 мың теңге айлығы шайлығынан аспайды.

Мәдина Исабаева, Семей қаласының тұрғыны:

- Күнді қалай көреміз? Білмейміз. Кв өздеріңіз білесіздер. Айына жоқ дегенде 30-40 мың. Шынымды айтсам баратын жерім жоқ.

Тұрғындардың жалдамалы пәтерде тұру үшін жергілікті билікпен жасаған келісім-шарты алдағы тамыз айында бітеді. Бірақ шенеуніктер құжат мерзімін ұзартып, ешкімді далада қалдырмауға уәде берген дейді. Ал іс жүзінде мүлдем басқаша болмақ түрі бар.

Шынар Сағымжанова, Семей қаласың тұрғыны:

- Облыс әкіміне дейін хат жолдадық. Жекешелендіруін не созып беруін сұрадық. Ақша жинауға жағдай жетпей жатыр. Сайлауға дейін облыс әкіміне жолыққанда созып береміз дегендей қылған. Енді 12-ші тамызға дейін босатыңыздар деген хат келіп тұр.

Осы уақытқа дейін жұрт жалдамалы пәтердің коммуналдық қызметін қосқанда айына 10 мың теңге төлеп отырған. Сондай-ақ, олар келісім-шартқа сәйкес қосымша қаражат жинауға да міндеттеліпті. Бірақ оны жинауға бәрінің де жағдайы жетпеген. Ал жергілікті биліктің уәжі басқа. Олардың мәлімдеуінше, бұл баспана жатахана үлгісінде, яғни 29 жасқа дейінгі жастарға арнайы салынған екен.

Абай Мүсәпіров, Семей қалалық жұмыспен қамту орталығының шағын несие беру және қоныс аудару бөлімінің бастығы:

- Бағдарламаларды жүргізу үшін қағидалар болады. Сол қағиданың 49 пункітінде жазылған. Жатахана 5 жыл мерзімге беріледі. Және жекешелендіруге жатпайтындығы көрсетілген.

Тұрғындар үйді дер кезінде босатпаса, шенеуніктер мәжбүрлі түрде қуып шықпақ ниетте. Өйткені оны ұзартуға ешқандай мүмкіндік жоқ дейді. Ал 60 пәтер өзге жас отбасыларға жалға берілмек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде