{metadescription}
Жемқорлыққа қарсы агенттік денсаулық сақтау саласындағы біраз былықты әшкереледі
Жемқорлыққа қарсы агенттік денсаулық сақтау саласындағы біраз былықты әшкереледі

Жемқорлыққа қарсы агенттік денсаулық сақтау саласындағы біраз былықты әшкереледі

Биыл денсаулық сақтау министрлігінің 13 қызметкері жемқорлық дерегімен күдікке ілігіп отыр. Олар негізінен медициналық анықтама немесе басқа да рұқсат қағаздарын жасап беруге байланысты. Ал министрлік өкілдері бұған аталған сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайының төмендігі себеп дейді.

Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бүгін министрлік өкілдерін шақыртқан. Айтар әңгіме бар. Медициналық анықтамалардың, басқа да рұқсат беретін құжаттардың жиі саудаға түсуі агенттік өкілдерінің назарына ілігіпті. Мынау – осындай деректермен көзге түскен қызметкерлер. Олардың фотосын агенттік әдейі жариялады. Жағдайды ушықтыратын, әсіресе, аймақтағы мекемелер екен.

Олжас Бектенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары:

- Мына былықтың бәрі сіздерде болып жатыр. Министрлік те жауапты әрине. Сондықтан жергілікті басқармаларға қатысты бақылауды күшейту керек. Былай қарағанда, ұсақ мәселелер сияқты. Бірақ ол қоғамдық пікір туғызып отыр.  

Неше түрлі қызмет ұсынатын әмбебап сайттарда мынадай жарияланымдар жиі кездеседі. Агенттік өкілдерінің айтып отырғаны осы. Жұмыссыз адам ретінде жұмыс орнынан анықтама керек деп, біреуіне біз де хабарласып көрдік.

- «ИП-дан» бола ма?

- Әйтеуір жасалса болды.

- Бағасы қанша?

- 2 мың теңге.

Әдетте мұндай заңбұзушылықтар ұсақ-түйек деректер ретінде қарастырылуы мүмкін. Бірақ ақыры қайда апарады? Соңғы 3 жарым жылда медицина қызметкерлеріне қатысты 400-ден астам жемқорлық дерегі анықталып, 200-ге тарта қызметкер жауапқа тартылған. Алды түрмеде отырғандар қазір елден кешірім сұрайды.

Татьяна Чижевская, жазасын өтеуші: 

- Саналы ғұмырымда есепші болып қызмет атқардым. Жағдай осылай болып, 3 жыл 9 айға бас бостандығымнан айырылдым. Кінәмді толық мойындаймын. Менің қателігімді ешкімнің қайталамағанын қалаймын.  

Бұл әйел кезінде Қостанай облыстық медицина мекемесінің бас есепшісі болған. Ал медицина қызметкерлері жемқорлыққа неге жол береді дегенге осы сала басшыларының жауабы мынадай.

Нұрлыбек Асылбеков, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

- Атқарылып жатқан іс-шараларға қарамастан жемқорлық деректері азаяр емес. Оның негізгі себептерін жалақының аздығы мен әлеуметтік жағдайының төмендігінен, соның ішінде баспанасының жоқтығынан көріп отырмыз. Көбі баспана жалдап тұрады.

Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, жемқорлыққа жиі шатылатын Түркістан, Қызылорда, Павлодар және Батыс Қазақстан облысындағы медицина қызметкерлері екен. Жағдайды оңалту үшін агенттік «Адалдық алаңы» респуликалық жобалық кеңсесін де осы жұмысқа жұмылдырып, өңірлік басқармаларды бақылау шараларын күшейтпек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде