Алматы облысының тұрғыны 6 жылдан бері азаматтық ала алмай жүр
Арманға айналған азаматтық. Алматы облысында Қазақстанның азаматтығына қол жеткізе алмаған қандастар көмек сұрайды. Олардың айтуынша, Іле ауданына қарасты Жомарт саяжайы тұрғындарының дені Өзбекстаннан келген этникалық қазақтар. Алайда, әлі күнге дейін өзін атажұрттың азаматы ретінде сезіне алмаған жұрт зейнетақы мен жәрдемақы ала алмай отырған көрінеді.
Автор: Мақсат Мәлік
19.07.2019
Шаңқай түсте аядай шатыр астында кеңес өткізген полицейлер облыстық көші-қон қызметінен келіпті. Бума-бума құжат арқалап, абыр-сабыр күй кешкен Жомарт саяжайының тұрғындары қолға түсе бермейтін құзырлы орган қызметкерлерін қаумалап алған. Азаматтық ала алмай аузы күйген қарашаның айтар арызы көп.
Естөре Әбдиев, Жомарт саяжайының тұрғыны:
- Өзбекстан Республикасы Қарақалпақстандағы Нүкіс қаласының тұрғынымын. 2013-те келдім. Осы азаматтықты ала алмай 2-3 жылдан бері жүрміз. Ақшасын төлеп қойдық. Қазақстанға тапсырайын десең ана жақтан справка беру керек екен. Ал сол справка берілмей қалды.
Гүлшат Шаймарданова, Жомарт саяжайының тұрғыны:
- Мен өзім азаматтық алып алғам. Бірақ, ізімнен келген бауырларым, анам әлі ала алмай жүр. Азаматтық жоқтықтың кесірінен біз больницаға тегін қарала алмаймыз, балаларымызға пособия ала алмаймыз. Жәрдемақымызды ала алмаймыз, үлкен кісілер пенсиясын да ала алмайды.
Атажұртын аңсаған ағайынның айтуынша, Іле ауданына қарасты Жомарт саяжайындағы тұрғындардың дені Өзбекстаннан қоныс аударған этникалық қазақтар. Өкінішке орай, саяжайды мекен еткен қандастардың қаншасы азаматтық алмағынын ешбір атқамінер білмейді екен. Ал, атажұртқа ағылған ағайынның мұңын мұңдаған қоғам белсенділері бұған шенеуніктер мен құзырлы орган қызметкерлерін кінәлайды.
Жан Шыңғыс, қоғам белсендісі:
- Бұлардың ең аз дегені 10 жылдан астам азаматтығын ала алмай жүрген азаматтар. Маған түскен арыз 80 адамнан түсті. Бірақ, 80 адамға әр отбасын қосқанда 400-ден астам азамат болады. Көші-қон, полиция қызметкерлері болсын, әкімшілік қызметкері болсын, халықпен жұмыс істей алмайды. Халықты қабылдай алмайды.
Алайда, арызын арқалаған жұртқа ауладағы акция аясында жөн сілтеген облыстық көші-қон қызметі өкілдерінің айтар уәжі басқа.
Ержан Алтаев, Алматы облысы ПД КҚҚБ бастығы:
- Елшіліктен барып міндетті түрде Өзбекстанның азаматтығынан шығу керек деп түсіндірген. Ол дұрыс түсінік емес. Егер ұлты қазақ болса жеңілдетілген түрде біз қабылдай аламыз. Ол үшін көші-қонға келіп жүгінеді, төлқұжатын көрсетеді. Және тізім бойынша жиналған құжаттарын бізге тапсырады. Екі айдың ішінде азаматтығын алады. Қазақстанның азаматтығын.
Көші-қон қызметі өкілдерінің айтуынша, екі ортада құжатсыз сандалғандардың көбісі делдалдарға ақша беріп, опық жеп қалғандар. Сол себепті мамандар азаматтыққа құжат тапсырар сәтте көлденең көк аттының сөзіне сенбеу керектігін айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!