{metadescription}
КТК тілшілері ҰБТ-ның құпия бөлмесіне кірді
КТК тілшілері ҰБТ-ның құпия бөлмесіне кірді

КТК тілшілері ҰБТ-ның құпия бөлмесіне кірді

Бүкіл қағазбен жасалатын құжаттар электрондық форматқа ауыстырылады. Жемқорлық дерегімен дауға қалған Ұлттық тестілеу орталығы осындай жұмыс тәртібіне көшіп жатыр. Дегенмен даулы жағдайдың түлектерді тестілеу барысына еш қатысы жоқ екенін жеткізгісі келген орталық басшылығы бүгін тілшілерге ішкі жұмыс тәртібін көрсетіп, аралатып шықты.

Жыл сайын мектеп бітірушілердің бірыңғай тестілеуімен басы қатып жататын ҰБТ орталығы осы жолы журналистерге есігін айқара ашты. Өйтетін себебі бар. Жуырда бұрынғы басшысы парамен ұсталғаннан кейін атына қара күйе жағып алған еді. Рамазан Әлімқұловқа 2017-2018 жылдары мемлекеттік сатып алулар кезінде бір компанияға басымдық беріп, сол үшін тұрақты пара алып отырды деген айып тағылған. Орталық өкілдері ол былықтың тест сұрақтарына түк қатысы жоқ екенін айтты.

Дидар Смағұлов, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Біздің орталыққа қатысы бар екі адамның үстінен қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Ол екеуінің де тест сұрақтары мен жауаптарына еш қатысы жоқ. Тек шаруашылық жүргізу саласы бойынша, яғни қонақүй қызметтерін алу деректері бойынша ұсталған.

Тест жауаптары мемлекеттік құпия десек, сол құпияның бәрі мына қоңыр есіктің арғы бетінде дайындалады. Бөгделерге кіруге рұқсат болмаса да қаумалаған журналистерді директор өз жауапкершілігіне алып, ішке алып кірді. Бірақ ереже қатаң. Камера кіргізілмейді. Телефонымызға дейін кіреберіске қалдыруға мәжбүр болдық.

Ел аумағынан жиылған 45 мұғалім осы орталықта құпия түрде бүкіл сұрақтарды жазады. Сосын ол екі рет сараптамадан өтеді. Сұрақтарды дайындауға бір жыл уақыт кетеді. Ал тест кітапшаларының нұсқалары жасалатын жерге директордың өзі түгілі, министрге де рұқсат жоқ.

Дидар Смағұлов, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Сондықтан мен сол кабинетте ешқашан болған жоқпын. Одан басқа, министр мырза келсе, бізщдің орталығымызға, мен одан кешірім сұрап, сол ғимаратқа кіргізе алмаймын.

Сынақ кітапшаларының сақталу, ашылу жолдары да тілшілерге таныстырылды. Мына шағын қапшықтың жасалу технологиясы сан қилы. Аузы үш түүрлі жіппен үш рет тігіледі. Егер ашылса білініп қалады. Ішіндегі қораптың желім қағазы да ерекше.

Роллан Серіков, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының басқарма басшысы:

- Қорапшаның сырты да арнайы арнайы желімделген қағазбен бекітіледі. Егер де бір қағаз бір рет ашылған болса, онда мынадай қағаз шығады. Оны екінші рет қайта жапсыру мүмкін емес.

Мектеп түлектерін тестілеуге қатысты осынша құпия енді магистратураға түсушілерге де қолданылмақ. Яғни, бұрын олар жергілікті ЖОО-ның аумағында білім сынағынан өтетін. Енді Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы оларды да өз қарамағына алмақ.

Жемқорлық дерегімен аты ел аузына іліккен Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының басшылығы енді өз-өзін ақтап алғысы келетіндей. Өйткені, биылдан бастап қағазбен жүргізілетін құжаттамалардан мейлінше бас тартып, оларды түгел электронды форматқа ауыстыра бастаған. Сондай-ақ, ҰБТ-ның өзекті мәселелеріне қоғамдық бақылауды күшейту жолдарын қарастырып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде