Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарына қатысты сот басталды
Ақтауда Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Серік Аманғалиевке қатысты сот басталды. Экс-шенеунікке ірі көлемде пара алды деген айып тағылған. Құзырлы орган оны өткен жылы Ақтау әуежайының маңында қылмыс үстінде ұстап, қолына кісен салған еді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
19.07.2019
Атышулы соттың алғашқы отырысында Серік Аманғалиев қымсынды ма, әйтеуір бет-жүзін түсіруге қарсы болды. Бұрынғы шенеунікті Алматыдан келген екі адвокат қорғап жатыр. Судья ең алдымен, күдіктімен бірге жұмыс істеген қызметкерлерден жауап алды. Олар: дене шынықтыру және спорт басқармасының экс-басшысы Нұрбек Қарабалаев, өңір әкімінің бұрынғы орынбасары Бекмұрат Жүсіпов және Аманғалиевтің хатшысы мен көмекшісі. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, шатылып жатқан 57 жастағы шенеунік 115 мың еуроны құрылыс компаниясының директорынан алмақ болып, құны 4,5 млрд теңге болатын жобаны беруге уәде еткен. Алайда, бұл сомма ауызбастырықтың үштен бір бөлігі ғана екен. Ол чех бизнесмені Ян Хованнан мұз айдынының құрылысы үшін 400 мың еуро алуға келіскен. Бұл теңгеге шаққанда 170 миллионнан асады. Инвестор құны қымбат жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы арқылы жүзеге асыруды көздепті. Белгілі болғаны, құрылыс компаниясының басшысы келісімшарттағы міндеттемені бұзып, мемлекеттік сараптамаға дейін жобаның бір бөлігі 1 млрд 200 миллион теңгені төлеп үлгерген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!