{metadescription}
Нұр-Сұлтанда еріктілер мен ветеринарлар ит үшін қызыл кеңірдек болып дауласып жатыр
Нұр-Сұлтанда еріктілер мен ветеринарлар ит үшін қызыл кеңірдек болып дауласып жатыр

Нұр-Сұлтанда еріктілер мен ветеринарлар ит үшін қызыл кеңірдек болып дауласып жатыр

Елордада қаңғыбас иттер еріктілер мен ветеринарлық қызмет мекемесін қырқыстырып қойды. Біреулері иттерге жағдай жасамайды, қымбат түрлерін жасырын сатады деп айыптайды. Екінші жағы сол үшін еріктілердің үстінен арыз жазып, негізсіз айыптағаны үшін жазаға тарттырмақшы. Таласқан тараптарды тілшіміз Ербол Тұрымбет тыңдап келді.

Қаңғыбас иттерге қоршаудың сыртынан сүйсініп тұрған мына топ Нұр-Сұлтан қаласының еріктілері. Осында кезекпен келіп, 400-ден аса итке тамақ дайындайды. Күнде емін-еркін кіріп жүрген жерлеріне бүгін шектеу қойылған, соған наразы.

Юлия Педченко, ерікті:

- Кешеден бастап еріктілерге ішке кіру уақытын сағат түскі екіден кешкі алтыға дейін шектеп тастады. Жеке куәлігіміз бен телефонымызды міндетті түрде тапсыруымыз керек. Ал бүгін таңнан бері біреуімізді ғана кіргізіп, екіншісін ішке өткізбей қойды.

Жағдайды өз аузынан есту үшін «Астана ветсервис» мекемесінің директорын осы жерге шақырттық. Директор келсе де қоршаудың ішіне кіру оңайға түспеді. Өз қауіпсіздігімізге өзіміз жауап беретінімізді өз қолымызбен жазып бердік. Ішке кіріп, сұхбат ала бастағанымыз сол еді, азулы иттердің бірі тағылық мінезін танытып үлгерді.

Мұндағы 700-дей иттің 270-іне ай сайын бюджеттен 1,5 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Қалғанын осы еріктілердің өтінішімен өлтірмей, аулада ұстап отыр. Ал еріктілерді ішке кіргізбеуінің себебі, олар иттердің жағдайы үшін емес, бізді сынау үшін келеді дейді мекеме басшысы.

Данияр Абдулов, «Астана ветсервис» КМК директоры:

- Инстаграмды ашсаңыз, көресіз. Олар жұмыс істеуді қойып, тек сынауға көшкен. Мекеменің ішкі тәртібін сақтамайды. Біз қаншама итті мерзімі асып кетсе де өлтірмей, осында ұстап отырмыз. Ол туралы жақ ашпайды.

Еріктілердің сөзін мамандар да қолдамайды. Өйткені, ветеринарлық қызмет өкілдерінің айтуынша, қаңғыбас иттердің әрбірі құтырма ауруына шалдыққан. Сондықтан оларды бағып-қаққаннан гөрі, ұйықтатып өлтіріп, көзін жойған абзал.

Виолетта Скарлыгина, ит маманы:

- Бұл кісілердің ешбірінің кинологиялық білімі жоқ. Ит маманы емес. Олардың санын бақылап отыру үшін әлемдік тәжірибеде ауру немесе адамға қауіпті иттердің көзі жойылады. Өйткені кәсіби кинологтардың өзі ондай иттерді қолда ұстай алмайды.

«Астана ветсервис» директорының айтуынша, еріктілер кей пародалық иттерді мұндағылар сатумен айналысады, иттерді бағу ережелерін сақтамайды деп жиі айыптайды екен. Сол үшін үстерінен арызданып, жазаға тарттырмақшы.

Данияр Абдулов, «Астана ветсервис» КМК директоры:

- Соңғы жарты жыл ішінде әлеуметтік желідегі парақшасында негізсіз айып таққан әрбір адаммен соттасам. Әрқайсысының айып тағып жазған жазбаларын скриндап, сақтап қойғанбыз. Қазір олар менің үстімнен, мен олардың үстінен полицияға арыз жазғанбыз. Тергеудің қорытындыларын күтіп отырмыз.

Ендігі мәселе, елордада иттерді ұстайтын жаңа мекеме салынып жатыр. Еріктілер мына жүрген қаңғыбас иттің бәрін сонда апарғысы келеді. Ал мекеме басшылығы тек тек бюджет ақшасына бағылып жатқандарын ғана апаруды жөн санайды. Екі жақ енді осы мәселеге бас қатырып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде