Елімізде ойын бизнесінің табысы азайды
Құмар ойынға құмартатындар азайды! Осы жылы еліміздегі казинолар мен бәс тігетін орындардың табысы 3,1 млрд теңгені құраған. Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, соңғы рет мұндай төмен көрсеткіш 2010 жылы тіркеліпті. Бұған не себеп? Құмар ойындардың қызығына түскендердің көшін қай өңір бастап тұр?
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
22.07.2019
Бір кездері казинолардың есігіне қара құлып салынғанда, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған құмарханалардың қызметіне тосқауыл болады деген үміт жылтың еткен еді.
Алайда, ойынханалар мен бәс тігетін орындардың дені Қапшағай мен Бурабайға көшірілді. Олардың жұмысы заңмен рұқсат етілген. Тиісінше, «ақшасы тасығандар» самсаған казиноларға ағылатынын статистика да растап отыр.
Қазақстанның «Лас-Вегасы» атанып кеткен Қапшағай казинолары ақша табудан оқ бойы озық болып тұр. Ойын автоматтарының өткен жылғы қомақты табысын көріп, таңдай қақпасқа амал жоқ. Бақандай 5,4 млрд теңге. Дегенмен, біреу айлығын, ал біреу бар байлығын салатын казинолардың жұмысы биыл саябырсыған. Олардың қызметі көрсетуі бірден 31,1%-ға төмендепті. Яғни, былтырғымен салыстырғанда 2,3 миллиард теңгеге аз.
Елорданың ауқаттылары Щучинскіні сағалайтын көрінеді. Финпром.кз сарапшыларының мәліметінше, Бурабай курорттық аймағындағы казинолардың шығысынан гөрі кірісі жылдан жылға көбейіп келеді. Яғни, табыс жағынан республика бойынша екінші орында.
Ақмола облысында ойын ошақтарына жиі бас сұғып, казино қожайындарының қалтасын қампайтатындардың қарасы қалың. Облыстағы құмарханалардың табысы бір жылда 4,8% артқаны сөзімізге дәлел. Яғни, ойынға есіл-дерті кеткендер биыл 427 миллион теңге ұтылды деген сөз.
Ең өкініштісі, ірі қалаларда ойынханалардың орнын букмекер кеңселері басты. Алматы қаласының өзінде бәс тігетін орталықтардың бір жылдық табысы 232 млн теңгеге жуықтайды. Ең сорақысы, тез баюға деген құмарлық ең әуелі кірісі төмен адамдарды, әсіресе, жастарды баурап алуда. Бүгінде желіккен жастар күн-түн демей спортшылар мен командалардың бағы мен бабы үшін қалтасындағы бар қаражатын тігуді әдетке айналдырды.
Құзырлы орган біреуге бақ, біреуге сор болған кеңселердің жұмысына тосқауыл бола алмай отыр. Парламент қабырғасында да депутаттар бұл мәселені талай мәрте көтергенімен, әзірге еш нәтиже жоқ. Сондай-ақ, ақшаға құныққандар астыртын казино мен заңсыз ойын автоматтарын ашып, «құмарлық» деген отты қайта лаулатып келеді. Ешбір ережеге бағынбай, ебін тапқандарды есептесек, ойынханалардың иелері қап-қап қаражатты қалталап жатқанын байқауға болады.
Ресми статистикадан бөлек, құмар ойынның құрбаны болған жандар әлдеқайда көп болуы мүмкін. Сондықтан оңай олжа орға жығатынын ұмытпай, ойынханалардан аулақ болған жөн.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!