Тұрғындар туристік фирмадан алдандық деп шағымданды
Алаяққа алданған туристер. Күннің ыстығында теңіз жағасында демалуды жоспарлаған жерлестеріміз сан соғып қалды. Опық жегендердің айтуынша, ақшаларын санап алған туристік фирма уәдесінен тайқып, ешқайсысы елден аттап шықпаған. Осылайша қалтасындағы қаржы мен демалыстан қағылған жұрт кімнен көмек сұрарын білмей сандалып жүр.
Автор: Мақсат Мәлік
22.07.2019
Нұрбике Өміршина:
- Үндістанға барамыз деп жоспарлағанбыз. Туристік фирмадағы Айжан Нұрманованың кеңесімен осы жолдаманы таңдатық Енді мына жағдайды естіп есеңгіреп отырмыз. 8 зейнеткерміз. Біз үшін өте үлкен қаржы кетті. Әпкем жүрегі ауырып, ауруханаға түсті. Бастысы, ақшамызды қайтарып берсе екен дейміз.
Шағымданушылардың айтуынша, «Trevelers.kz» туристік фирмасы олардан алған ақшаны қалтасына басып, жолдамаға соқыр тиын да төлемеген көрінеді. Алданғандардың көбі Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Жезқазған қалаларының тұрғындары екен. Барлығы Үндістан мен Түркияны таңдапты. Ал уәдені үйіп-төккен туристік фирма кеңсесі қазір қаңырап бос тұр. Полицейлер фирма жетекшісінен жауап алынып жатқанын айтады. Аталған дерекке қатысты алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Әзірге қанша туристің қанша қаржы бергені белгісіз. Бірақ, арызданушылар алданғандар қатары 50 адамнан асып кетуі мүмкін дейді.
София Қылышбекова, Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз хатшысы:
- Берген ақшаларының көлемі әртүрлі. 500 мыңнан басталады және одан да көп. Қазіргі таңда 17 адам шағымданып отыр. Мүмкін, олардың саны тағы көп болар. Осы себепті тағы да зардап шеккендер болса Есіл аудандық полиция басқармасына шағымдануына болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!