Ақтауда су тасушы көліктердің жүргізушілері 4 күннен бері жұмысқа шықпай отыр
Ақтауда тал-терек суарып келген су тасушы көліктің жүргізушілері наразылық білдірді. Арызданушылардың айтуынша, жасыл-желекке тіршілік нәрін жеткізіп келген олар 4 күн қатарынан жұмысқа шықпаған. Себебі, тендерді ұтып алған жекеменшік компания келісілген қаражатты төлемей қойыпты. Алайда, компания өкілдері кінәні олардың өздеріне аударып, барлығы жүргізушілердің ынтасы мен күніне қанша рет қатынайтынына байланысты дейді.
Автор: Мақсат Мәлік
23.07.2019
Ақтау көшелерінде кенезесі кепкен тал-терекке су тасуы тиіс бақандай 40 көліктің қаңтарылып тұрғанына 4 күн толыпты. Қаз қатар тізілген темір техникада ешбір кінәрат жоқ. Алайда, жаз басталғалы жасыл-желекті суарған жүргізушілер еңбегіміз еш кетіп, келісілген ақшадан қағылдық деп қамығады.
Оразмағамбет Қамысбаев, көлік жүргізушісі:
- Біз осы Ақтауда талдарды суаруға жалданған водовоздармыз. Біздің тек талап ететініміз басшылардан, таза келіскен ценамызды, 300 мың ақшамызды беруді талап етеміз.
Аптап ыстықта тал-терекке су тасығандар маусым айында тендерді ұтып алған жекеменшік компаниямен келісім-шарт жасапты. Жұмысты адал атқардық деген жүргізушілер, көліктің өзге шығынын есептемегенде жанармайға күніне 5 мың теңге кететінін айтады. Ең сорақысы, жырымдалған жалақымызды қайда жеткізерімізді білмейміз дейді олар.
Айтқали Қожамұратов, көлік жүргізушісі:
- 200-ден төмен алған жігіттер де болды. 190 мың алған жігіттер де болды. Солардың барлығының ақшаларын толықтай алғымыз келеді. Өзіміз еңбекақымызды алуымыз керек. Бәрінің де бала-шағасы бар, несиесі бар.
Компания басшылығы арызданшуылар тілге тиек еткен қаражаттың шындыққа жанасатынын жасырмады. Бірақ, тапсырыс беруші тарап «жүргізушілер ауырдың үстімен, жеңілдің астымен құтылуға құмар» деген емеурін танытты. Өйткені, уәде етілген 300 мың теңгені қалтаға басу үшін көлік иесі күніне 4 рет су жеткізуі керек екен.
Абай Қожабаев, «РЭП» ЖШС директоры:
- Бір көлік 4 мәрте қатынаған. Тіпті, бесінші рет барып-келуге үлгеріп жатқандар бар. Егер кімде кім күніне осы жоспарды орындаса көрсетілген қаражат төленеді. Бірақ, 1 рет қатынаған адамға қалай 300 мың теңге беремін. Бұл әділетсіздік қой. Оның үстіне қанша шағым түссе де оларға 4 немесе 5 рейс жасаңдар деп міндеттеген емеспін.
Барлық су тасушы көліктің иесі дау көтермегенін алға тартқан компания өкілдері, жолынан қалмаған жүргізушілерге қосымша сағат қосылғанын айтады. Тіпті, кейбірі адам жетпегендіктен кешкі ауысымда істеуге келісім беріпті. Алайда, айлығын даулаған жүргізушілер толық қаражат қолға тимейінше жұмысқа шықпаймыз дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!