Алматы облысында мемлекеттен жер алып, үй салған 90-ға жуық азамат енді онысынан айырылмақ
Алматы облысында мемлекеттен жер алғандар сергелдеңге түсті. Іле ауданы, Қоянқұс ауылының маңынан 90-ға жуық азамат жер телімін жалға алып, үй салған. Баспананы заңдастырар сәтте ол аумақтың ешқандай құжаты жоқ екенін естіген. Құрылысқа қыруар қаржысын құйған жұрт не істерін білмей дал. Жергілікті атқамінерлер өздерін ақтап әлек.
Автор: Әсем Қабылбек
23.07.2019
- Мына терезелерін салғыздым миллионға...
Қайыржан Шойынбеков 160 шаршы метрлік үйді салу үшін бұрынғы баспанасын сатып, жиған ақшасын жұмсаған. Ол Қоянқұс ауылынан жекеменшік жерді сатып алыпты. Талай жыл арман болған зәулім үйдің құрылысы тоқтап тұр. Себебі, мұндағы жер телімдері бас жоспарда жоқ.
Қайыржан Шойынбеков, Қоянқұс ауылының тұрғыны:
- Сатып алдым да, үй салдым. Бірақ менікі барлық жерде – сәулет, әділет мекмелерінде тіркелген. 15 млн-нан артық кетті қазір. Дәл қазір. Өзім осы жерде пәтер жалдап тұрып жатырмын. Екі кішкентай балам бар.
Динара Қаржауыпова мемлекеттік қызметкер ретінде 3-4 жыл жердің кезегінде тұрғанын айтады. Заңға сәйкес Қоянқұс ауылындағы 8 сотық жерге үй салып, құрылысы толық бітпесе де көшкен. Себебі, қалада пәтер жалдау қымбат. Су мен жарықты өз бетінше қосыпты.
Динара Қаржауыпова, Қоянқұс ауылының тұрғыны:
- Бір жылдан артық болды. Тағы бізбен қатар 3 семья қыстап шықты осы жерде. Пәтерде жалдап босқа ақша шығармайық деп, бала-шағамызбен осында келіп тұрып жатырмыз. Енді жартылай біткен, жартылай бітпеген. Төрт балам бар.
90-ға жуық азамат Іле ауданы, Қоянқұс ауылының маңынан мемлекет тарапынан жерді 2 жылға жалға алған. Тиісті құжаттары қолдарында. 40 адам үйін салуға кіріссе, қалғандары іргетасын құйып жатыр. Барлығы бұл аумақ бас жоспарға кірмегенін Алматы облыстық жер инспекциясы сотқа шақырғанда бір-ақ білген.
Бақытжан Базарбек, заңгер:
- Жер Кодексінің 44 бабы 1 тармағына сәйкес барлық тұрғын үй құрылысына берілетін жерлер бұлар электр және су жүйесімен қамтылуы тиіс. Сәулет, қала құрылысы органдарынан рұқсат алған. Бірақ та проблема не? Енді әкімдік басқа жолмен біреуіне қабылдау актісіне қол қоймайды. Біреуіне енді соғайын десе, АПЗ-ыны рұқсат бермейді.
Заңгердің сөзінше, бас жоспарды өзгертуге қыруар қаржы мен уақыт қажет. 90-ға жуық адамға берілген жер телімдері Байсерке ауылдық округіне қарайды. Бірақ жоспарға сәйкес Қоянқұс ауылының аумағына енбепті. Бұдан бөлек тұрғындарға кедергі жетерлік.
Елді мекендерде санитарлық талаптарға сәйкес үй салу үшін мынандай мүрде мен үйлердің арақашықтығы 400 метр болуы тиіс. Ал өздеріңіз көріп тұрғандай мұндағы мектеп пен балабақшаның арасы 100 метрге де жетпейді.
Осындай өрескел заңбұзушылыққа көз жұмған сәулет басқармасы тұрғындарға келген талапшыл. Мола маңынан үй салғандармен күрескені күлкілі. Себебі, осы аумаққа балабақша тұрғызылған. Байсерке ауылдық округінің әкімі Тілеукен Көпбаеваның айтуынша, Қоянқұстағы болған жайт алдыңғы басшылықтың қателігі.
Тілеукен Көпбаева, Байсерке ауылдық округінің әкімі:
- Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Әбілқасов ол кезде әкімнің міндетін атқарып жүріп өкім шығарған. Бірақ сол жіберген заң бұзушылықтары үшін қазір сотталған. Бүгінгі таңда келіп жатқан құжаттарды, арыздарды мерзімін ұзартып беру үшін мынау біздің Іле аудандық жер комиссиясы құрылған, сол жер комиссиясына жіберіп жатырмыз.
Яғни, әкімдік жер телімін жалға алу мерзімін 2-ден 5 жылға дейін ұзартпақ ниетте. Алайда салынған баспананы заңдастыруға қатысты жоспарын нақты айтпады. Жылдап жер кезегіне тұрған жұрт болса сотқа жүгініп, өз құқықтарын соңына дейін қорғауға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!