{metadescription}
Алматыда тұрғындар үйіне қоқыс жинайтын көршісінен зәрезап болып отыр
Алматыда тұрғындар үйіне қоқыс жинайтын көршісінен зәрезап болып отыр

Алматыда тұрғындар үйіне қоқыс жинайтын көршісінен зәрезап болып отыр

Қоқысқа құмар қария. Алматыда үйіне қоқыс таситын көршісінен зәбір көрген тұрғындар шу шығарды. Сасыған иіс пен қаптаған жәндіктер бүтін бір тұрғын үйге жайылған. Алайда, плюшкинизм дертіне шалдыққан сексеннен асқан қарттың бұл қылығын 20 жылдан бері ешкім тоқтата алмай отыр.

- «Мына үйде сіздер қалай тұрасыздар? Өйткені сасық, унитазы істемейді. Ол пакетке дәрет сындырады» деді жаңа көршілер.

Қаладағы қоқысты үйіне таситын Владимир қарт Әуезов ауданының тұрғындарын әуре сарсаңға салған. Баспанасының сасып кеткені соншалық жағымсыз иіс айналаға таралып, жұртшылық еркін тыныстаудан қалған. Ұзақ жылдан бері тазаланбағандықтан қоңыз, тарақан сынды жәндіктер пәтерлердің барлығын жайлай бастапты. Тіптен, дәліздерден кезіктіруге көпшіліктің көзі үйреніп кеткен. Егде жасында ерсілік танытты деген қарттан келген қиындықтан қалай құтыларын білмегендер базыналарын тыңдайтын мекеменің жоқтығына наразы. 

Ольга Солдатова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Күндіз-түні тарақандар адамның денесінде жүреді. Баспанамыздың барлығы жәндіктерге толып кетті. Жиі-жиі тазалық жұмыстарын жүргізсек те бәрібір қоқысқа толы үйді тазаламай нәтиже жоқ. Тіпті, подъездерде де өріп жүреді.

Валентина Кононник, Алматы қаласының тұрғыны:

- Жалғыз өзі тұрады. Осы уақытқа дейін еденнен төбеге жететін қоқыс жинап қойды десек қателеспейміз. Себебі, кейде үйіне көз тастап көрген кезде шашылған қоқыстардан еденді көру мүмкін емес. Тіпті, өзі анда-санда далаға шықса бірден иісі айналаға жайылады. Қазір көзі де көрмейді. Баспанасында темекі шегетіндіктен, енді өртке ұласып кетпесе деп үрейленіп жүрміз. 

Жайшылықта төбе көрсетпейді деген пәтер иелері кооперативі, әкімдік пен құзырлы орган өкілдері тілшілердің келуімен осында жетті. Алайда, қыңыр қартты көндіріп, сасыған пәтердің есігін ашу ешқайсының қолынан келген жоқ. Азық түлікке кеткен балам сыртымнан бекітті деген қария, керісінше көршілерінің босқа мазалағанын айтумен шектелді. Бұл үйді әркез бақылауында ұстап жүрген тұрғындар екі баласы бірнеше жыл бұрын әкесін тастап Ресей шекарасын асып кеткендігін айтады. Оған қоса қара есіктің құлпын бұзу үшін арнайы сот шешімі керек екен.

Әділбек Оразбаев, пәтер иелері кооперативінің басшысы:

- Біз учаскелік полиция өкілдерімен бірге келсек те олардың үйлерінің есігін бұзу туралы заңның жоқтығынан біз ештеңе істей алмаймыз. Олар ішінен құлыптап, ашпайды. Үйлеріндегі тышқандар, тарақандар өзге көршілерін әрқашан мазалайды. Бірақ, біз ештеңе ойластыра алмаймыз. Жалғыз басты әке. Ал, балалары шекара асып кеткен. 

Тұрғындар бұған дейін де сотқа шағымданған. Сол кезде Ресейден келген ұлы бір ай уақыт беруін сұрап, барлығын тазалауға уәде берген. Бірақ, одан бері ешқандай өзгеріс болмаған. Қажыған адамдар шарасыздықтан өздері тазалап берейік деп Владимирге өтініш те айтқан. Бірақ, бас тартқан қарт барлығын сол күйінде қалдыруға ұйғарыпты. Ал, әкімдіктегілер болса бұл жағдайды енді естігендерін, бір шара қолдануға тырысатындарын жеткізді.

Анжела Адамбаева, Әуезов ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы:

- Бұл кісі ауру кісі ғой енді. Бұл плюшкинизм деген ауру қоқыс таситын. Енді ауру кісіге, мен айтып отырмын ғой, балаларының рұқсатынсыз біз ешқандай әрекет жасай алмаймыз. Әлеуметтік қызметкерден бұл кісі өзі бас тартты. Біз оған күштеп «әлеуметтік қызметкерді қалай да сізге қызмет етеді» айта алмаймыз.

Негізінен қоқыс жәшіктерінің ішінде ашыған ас, жарамсыз заттар көптеп жинақталады. Ал, оның маңайындағы иістен демалу мүмкін емес. 20 жылдан бері дәл осы иісті баспаналарынан сезінген тұрғындар бүгін нақты бір нәтижеге қол жеткізген жоқ. Бірақ ары қарай сотқа шағымданып, бұл істі соңына дейін апарамыз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.