«Тынысымыз тарылып кетті». Алматы іргесіндегі ауылда екі-үш айдан бері қоқыс жиналмаған
Қоқыс басқан ауыл. Алматы іргесіндегі Жаңатұрмыста ала жаздай қоқыс жиналмаған. Қарасай ауданына қарасты елді мекендегі жұрт еркін тыныстаудан қалғандарын айтады. Жергілікті халық қоқысты шығаратын кәсіпкердің жауапсыздығына наразылықтарын білдірді. Өйткені, жаз бойы үйілген күл-қоқыстың иісіне шыдау мүмкін емес.
Автор: Әсем Қабылбек
24.07.2019
Соңғы 3 айдан бері Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылының сыйқы осындай. Көшелердің барлығын қоқыс басқан. Әр үйдің кіреберісінде бөшкелер қалдықтарға лық толы. Ал, тұрмыстық қалдықтарды шығаруға жауапты кәсіпкердің сылтауы көп. Халықтың айтуынша, өз ісіне өте салғырт қарайды. Десе де ай сайын көрсеткен қызметі үй басына 1100 теңгеден ақша жинайды екен. Мұнда 600 түтін бар.
Ардагүл Артығалиева, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:
- Біз осы жақта 9 жыл болды тұрғанымызға. Сол компания үнемі келеді. Атын білмеймін мен. До этого да дұрыс жинаған жоқ. Бірақ айына 2 рет келіп тұрған. Қазір вот жаз бойы 3 ай өтті ме бір рет те келген жоқ. Күнде күнде дауласып желкесінен барып алып келіп кеше жинатқыздық.
Басты көшелерде тау-тау болып үйілген қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Шіліңгір шілдеде оның иісі қолқаны қабып, көптің мазасы қашқан.
Қысы-жазы қоқыстан зәрезап болған жұрттың тағы бір уайымы бар. Ол мына ауыл іргесіндегі - карьер. Шұңқырдың айналасы тұрмыстық қалдықтарға толы. Тұрғындардың айтуынша, үй жануарларының өлексесін қалдыратындар да бар.
Жақында қоныс тойын тойлаған Әмірхан Тұрысбек аулаға шығудан қалғанын айтады. Карьер маңына қоқыс жиі өртенеді екен. Зейнеткер сасыған қоқыс пен ыстың иісіне тұншығамыз деп қапалы.
Әмірхан Тұрысбек, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:
- 2-3 ай болды көшіп келгенімізге. Енді бұл жерде қоқыс деген сұмдық. Бәрін де тастайды. Ит пе, мысық па, күшіктерді әкеп тастайды осында. Бәрі осы жерде өледі. Сасып, мына жақта мүмкні емес... Бізге дем алуға да қиын болды.
Кейбір пысықайлар карьерге қоқысты лақтырып, өртеуге құмар. Күні кеше мұнда тасталған қалдық лезде жанып, тұрғындар өз күшімен өртті сөндірген. Ал, қоқысты жинауға жауапты кәсіпкерді бірден таппадық. Жақын маңда қаңтарылған екі көліктің біріне қоқыс тиеулі. Есесіне өзін Қайрат деп таныстырған жұмысшы біраз шындықтың бетін ашты.
- Сіз кімсіз мұнда?
- Мен де жұмысшымын.
- Жұмысшысыздар ма? Мына ауылдың қоқысын қашан жинайсыздар? Елдердің бәрі күл-қоқыстан көз ашпайды.
- Мына КамАЗ-ды айдайтын адам жоқ. Мынау – жүріп тұрған КамАЗ. Мынаның моторы бұзылып қалды.
Әңгіме арасында өзінің бүгін неліктен бос жүргенін де жасырмады.
- Бүгін енді масайып қалдым мен. Ішіп қойдым. Сөйтіп, бүгін жаттым осы жерде.
- Кеше жинадыңыз ба?
- Кеше жинадық.
Тұрғындардың кейбірі қоқыс жинауға төленетін ақшаны алдын-ала беріп қойыпты. Олардың басты талабы - тазалық. Айлап, апталап жиналмаған қалдықтарға иттер әуес. Көптің жанайқайынан соң қоқысты тазалауға жауапты кәсіпкер төбе көрсеткенде техниканың жайын сұрадық.
- Қашан жөнделеді енді? Көлік іздеп жатырсыз ба немесе көлікті жалға ала тұруға бола ма?
- Жалға алып, шығарып жатырмыз.
- Қанша көлік шықты бүгін?
- Екі көлік шығып жатыр.
- Қанша көшені тазаладыңыздар?
Марат Увалиев, жеке кәсіпкер:
- Енді 2 көшеміз қалды. Қазір Алтынсарин мен Аманжолов, Байсейітова қалды. Содан кейін жоғарғы кішкентай көшелер қалды. Бір аптада сондай қоқыс жиналады. Жоқ! Карьерге біз тастамаймыз.
Марат Увалиевтің айтуынша, Жаңатұрмыста жиналған 6-8 тонна қоқыс Әйтей ауылының маңындағы полигонға шығарылады екен. Қос бірдей жүк көлігі бір күнде істен шыққандықтан қоқысты шығарып үлгермеген. Оған қоса қызметкерінің біреуі ащы судан ұрттап жүргізуші куәлігінен айырылыпты. Сондықтан, түсіністік танытуды өтініп, көпшілікті тағы 2-3 күндей шыдай тұруға шақырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!