Шымкентте қираған гараждар арасынан табылған 3 жасар қыздың өліміне қатысты күдікті ұсталды
Шымкентте қираған гараждар арасынан табылған 3 жасар Кәусар Өмірбаеваның өліміне көршісі кінәлі болуы мүмкін. Бұл туралы үшінші мегаполис әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өз инстаграмм парақшасында жариялады. Шенеуніктің мәлімдеуінше, бүлдіршіннің өліміне көршінің ебедейсіздігі себеп болыпты.
Автор: Бек Әбиев
24.07.2019
Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі:
- Аулада ойнап жүріп, 3 жасар Кәусар әкесінің артынан барамын деп өздерінің көршісімен бірге әкесі отырған жаққа жүреді. Қоршауды секіріп өтпекші болып, кішкентай Кәусарды жетектеген көршісі оны қолынан түсіріп алды. Талып қалған сәбиді көріп, көршісі қорқып, кішкентай сәбиді сол жерде қалдырып кеткен. Қылмыс жасаған азаматқа қатысты іс қозғалып, қамауға алынған. Ол сөзсіз жауапқа тартылады.
Кәусар Өмірбаеваның үйіне барып, ата-анасына басу айтқан әкім, қаралы отбасыны жұбатып жатқан бірнеше фото да салды. Қала әкімдігі мен полиция бала қауіпсіздігі бойынша жұмысты күшейтеді деген Ғабидолла Әбдірахымов, марқұм бүлдіршінге қатысты ешқандай зорлық жасалмады деп жазады. Қыздың жақындары болса 37 жастағы күдікті ретінде ұсталған көршіге қояр сұрақ көп екенін айтуда. Мәселен, не үшін сәбиді қираған гараждар арасына тастап кетті және неліктен денесі қатты көгерген қыздың іш киімі болмай шықты деген сұрақтарға жауап болмай тұр. Бұл туралы Шымкенттің полиция департаменті де әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!