Алматыда бала үстінде көз жұмған әйелдің туыстары дәрігерлерді кінәлап жатыр
Перзентханадағы өлім – жауапсыздықтың салдары. Алматыдағы №1 перинаталдық орталықта көз жұмған Гүлчиман Якупованың мерзімсіз қазасына туыстары ақ халаттылардың біліксіздігі себеп екеніне сенімді. Кесір тілігінен кейін келіншектің жағдайы күрт нашарлаған. Алайда, дәрігерлер оның шағымын пысқырмай, жағдай әбден ушыққанда қималды дейді қайғыдан қан жұтқан туыстары. Қазір аталмыш оқиғаға байланысты сараптама тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
24.07.2019
- Өз аяғымен шығып кетті ғой, қызым-ай. Өлігін алып келдік қой. Не деген масқара бұл?!
Қайғыдан қабырғасы қарс айрылған Якуповтар әулеті перзентханаға өз аяғымен кірген қыздарының табытпен оралғанына әлі күнге дейін сене алар емес. Бұрын-соңды денсаулығында кінәрат болмаған 29 жастағы келіншекті ақ халаттылар бір апта бұрын кесір тілігі арқылы босандырып алған. Шақалақ дін-аман. Алайда, ананың жағдайы операциядан кейін күрт нашарлапты. Соған қарамастан Гүлчиманның арыз-шағымын дәрігерлер елемеген былай тұрсын, өзіне дүрсе қоя берген дейді жақындары.
Мехрибан Вахитова, Г. Якупованың енесі:
- «Апа, мыналар сондай дөрекі» деп өзі айтты ғой маған. Айғайлап кетті деп. «Қалтасына ақша салмадың ба олардың? Салмаған соң сөйткен шығар» дедім. Енді ана балаларына не деймін? «Мамам қайда?» десе, мен не деп айтамын? Беттеріне қалай қараймын?!
Мына видеода Гүлчиман Якупованың інісінің үйлену тойында еш алаңсыз билеп, шат-шадыман көңіл-күйде жүргенін байқауға болады. Бұл кадрлер қайғылы оқиғаға дейін екі күн бұрын түсірілген. Ай күні толса да марқұмның жүрісі ширақ. Қуанышты. Сондықтан ет жақындары артында үш баласы қалған ананың өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп дейді.
Дамир Вахитов, Г. Якупованың күйеуі:
- Тойда жүргені ұнады. Тойды жақсы өткіздік. Перзентханаға да ойдағыдай барды. Дәрігерлер басында бізге ештеңе айтпады. Басқа отбасыларға осындай қайғы тілемеймін. Бұлай болады деп ешкім ойламаған ғой. Маған таңғы төртте «мен саған тағы бір ханшайымды туып бердім» жазыпты. Адам сияқты қарамаған. Мал сияқты көрген ғой.
Ең сорақысы, №1 перинаталды орталықтың қызметкерлері марқұммен болған жағдайды қайта жазып, сараптама орталығына жіберген көрінеді. Дәрігерлердің бұл әрекеті туыстарының ашуын туғызып, көңілдеріне күдік ұялатқан. Олар ақ халаттылар «сасқан үйрек, артымен жүзедінің» кебін кигеніне қапалы.
Өміржан Тоқтиев, Г. Якупованың әкесі:
- Экспертизаға барған кезде, науқас қағазы әлі жоқ қой. Олар қағазсыз жібере салған. Сөйтсек, оны қайтадан жазып жатыр екен. Бізге айтса болатын еді. Қан қысымы 180 болып келді деп өтірік жазған. Сонда бізді адам сияқты көрмеген ғой. Прокуратураға дейін жаздым. Бұл істі бұлай қоймау керек.
Қазір перзентаханадағы өлімге байланысты сараптама тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан комиссия құрылып, тексеріс жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге №1 перинаталдық орталықтың төрт қызметкері қызметінен шеттетілген. Егер олардың кінәлары толық дәлелденсе, басшысымен қоса жауапты дәрігерлер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Дәл осы уақытта Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қызметкерлері де тексеріс жүргізіп жатыр. Біз қылмыстық істі қарау кезінде міндетті түрде олардың қорытындысын есепке алатын боламыз. Егер дәрігерлердің кінәсі анықталып жатса, олар ҚК 317 бабы бойынша қылмыстықтық жауапкершілікке тартылады.
Зар илеген жақындары бұл мәселеге Министрлік пен Бас Прокуратураның араласуын сұрап отыр. Енді шиеттей үш баланы бағып-қағу міндеті жалғыз қалған күйеуіне жүктелді. Марқұмның туыстары дүниеге келген қызды біліксіз мамандарға толы перзентханадан тезірек алып шығуды жоспарлап отыр. Өкініштісі, анасының қазасынан жеті жасар қызы Мехринас әлі бейхабар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!