Алматы тауларында қыз-қырқынға қырғидай тиген маньяк ақыры ұсталды
Мың асқанға – бір тосқан! Алматы тауларында қыз-қырқынға қырғидай тиген маньяк ақыры ұсталды. Күдікті полицейлердің құрған қақпанына түсіп қалған. 37 жастағы еркек кезекті мәрте туристерге қоқан-лоққы көрсетіп жатқан екен. Күдікті бір емес, бірнеше мәрте сотталған боп шықты. Ал тауда ол өзіне күрке жасап алып, сонда тұрыпты.
Автор: Аруна Ортай
24.07.2019
Тауға шыққан турист қыздарды тырқыратып қуалап жүрген қаскөй осы. 37 жастағы еркекті тәртіп сақшылары Бутаковка шатқалында ұстап алды. Бір айға жуық қолға түспей жүрген қаскүнемді тұтқындау үшін біраз тер төгуге тура келіпті.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Өзіне үй соғып алып кәдімгідей маталардан соның ішінде тұрған. Таулы аймақта демалып жүрген адамдарға қоқан-лоқы көрсетіп, пышақ тақау арқылы олардың жеке-мүліктерін қолды қылған.
Тек әйелдерді ғана аңдыған азғын полицейлердің қақпанына қалай түскенін өзі де білмей қалған. Оның тауда тұрып жатқан күркесінен түрлі ұялы телефондар, алтын сырға мен жүзік, басқа да құнды заттар табылған. Қаскүнем оларды пышақпен қорқытып алғанын амалсыздан мойындады. Ал, өзі бір емес, бірнеше мәрте сотталған. Аса ауыр қылмыстар жасаған оның түрмеден босап шыққан беті осы екен. Белгілі болғандай, тауда тонаушылықпен тіршілік еткен ол өзіне қарсылық танытпақ болған туристердің біріне пышақ сұғып алған екен. Зардап шеккен тұрғын, абырой болғанда, тірі қалған.
Серікжан Сұраншин, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық бағы Медеу филиалы директорының орынбасары:
- Келген қонақтарға дөрекілік көрсетіп, бағалы заттар мен ақшаларын алып отырған. Енді қала тұрғындары мен қонақтарының ештеңеге алаңдамай келіп, демала беруіне болады.
Десе де, қауіп әлі сейілмей тұр. Олай дейтініміз, қарақшы жалғыз өзі болмаған. Оған көмектескен сыбайласын полиция жер-көктен іздеп жатыр. Естеріңізге салсақ, тауда азғынның барын бірінші болып Ресейден келген турист қыздар айтқан. Кімасар шатқалында алдарынан шыққан еркек оларды пышақпен қуалап, әбден үрейін алған. Қазіргі кезде қаскөйдің үстінен 20 адам шағымданды. Бірақ, зардап шеккендер бұдан да көп болуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!