Елімізде табиғат қорғаушыларының аң қуған қаскөйлердің қолынан қаза табуы жиілеп кетті
Елімізде табиғат қорғаушыларының аң қуған қаскөйлердің қолынан мерт болуы соңғы жылдары жиілеп кетті. Сиреп бара жатқан жануарға оқ атқандар, адамға да шіміркпестен мылтық кезене бастады. Қызметін адал атқара жүріп, табиғатты қызғыштай қорымақ болған азаматтардың өмірін қиған оқиғалар тізбегін ұсынамыз.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
24.07.2019
2009 жыл. Солтүстік Қазақстан облысында 6 бірдей елікті сұлатып салған браконьерлер орман шаруашылығының қызметкерлері болып шыққан. Қылмыс үстінен түскен қорықшыларды көріп, олар тұра қашады. Көліктен атып алған «олжаларын» сыртқа лақтырып, қуғыншы инспекторлар аспанға оқ атқан соң ғана барып көлігін тоқтатқан. Сөйтіп, жақын келген қорықшыларға бас салады. Соққыға жыққан инспекторларды үскірік аязда бірнеше сағат далада ұстап, ұялы телефондары мен қару жарағын тартып алады. Соққыға жығылғандардың бірі басынан жарақат алған.
Сергей Зимин, СҚО орман және аң шаруашылығы инспекциясының инспекторы:
- Ол көліктен қаруымен атып шығып, бізге кезенді. Қолындағы куәлігін көрсетті. «Мен осы орманның қожайынымын, сендер кімсіңдер» дейді кіжініп.
Далада дандайсып жүріп, аң орнына адам өлтірген оқиға биыл Қарағанды облысында тағы да болды. 5 киікті сұлатып салған браконьерлер кезекті рейдте жүрген 2 инспекторды аяусыз соққыға жықты. Сол жерде басынан ауыр жарақат алған 53 жастағы Ерлан Нұрғалиев ес жимастан көз жұмған еді. Табиғатты қызғыштай қоримын деп жүргенде қаскөй оларды мылтықтың дүмімен ұрса керек.
Петр Ныцик, «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК инспекторы:
- Есімді жисам әлгілердің көліктері төбеден асып бара жатыр екен. Ал Ерлан қансырап, қарда етпетімен жатты. Менен де қан кетті. Тоқтату үшін бас киім кидім. Ерланға да кигізіп, көтеріп әкеп көлік дөңгелегіне сүйедім. Жан-жағыма қарап телефон, патрондар тауып алдым. Олардың қолында автомат болған. Содан қалған болуы керек.
Нуда ғана емес, суда да браконьерлер табиғат қорғаушыларға тап беруін қояр емес. Бұл Зайсан көлінде инспекторлар кезекті рейдке шыққан кезде болған оқиға. Онда да браконьерлер ескегін алып, инспекторларға тап берген.
Жыл басынан бері заңсыз киік аулау бойынша 37 қылмыстық іс қозғалған. 32 адам ұсталып, 634 киік мүйізі тәркіленген. Соған қарамастан, сирек кездесетін аңға деген әуестік басылар емес. Бәрінен бұрын қоғамды аң үшін адам атуға дайын браконьерлердің қатары көбейіп бара жатқаны алаңдатады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!