«Жолдасы үшін жанын беруге бар еді». Табиғат қаскөйлерінің қолынан қаза тапқан инспектор туралы достары айтып берді
Ақмола облысында браконьерлердің қарулы қарсылығынан зардап шеккен екінші табиғат қорғау инспекторының жағдайы орташа. Самат Оспановқа бүгін Көкшетауда облыстық ауруханада ота жасалып, денесінде қалып қойған оқ алынды. Ал Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі емес, бір күдіктінің ұсталып, қамауға алынғанын хабарлады.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.07.2019
Мына кадрлар кеше кешке түсірілген. Қалжыраған табиғат қорғаушысы Самат Оспанов санитарлық авиациямен Көкшетауға жеткізіліп, жедел жәрдем көлігі Ақмола облыстық ауруханасына әкеліп жатқан сәт. Айналасында бірнеше медбике алып-ұшып жүр. Әлсін-әлсін басын қимылдатқаны болмаса, артық қозғалыс жоқ. Келген бойда компьютермен тексеріліп, травматология бөліміне жатқызылды. Жағдайды жіті бақылауда ұстау үшін палата есігінің алдына полиция күзеті қойылған. Абырой болғанда, бүгін ота ойдағыдай өтіп, науқастың беті бері қарай бастады.
Дмитрий Чайков, Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Ота сәтті жасалды. Денесінен темір зат алынды. Өз-өзіне келгеннен кейін барлық ем-дом жасалады. Жағдайы сол күйі орташа деңгейде. Өміріне қатты қауіп төніп тұрған жоқ.
Ал табиғат қаскөйін қуамын деп көз жұмған «Охотзоопром» инспекторы Қаныш Нұртазиновтың жақын құрдастары достарын жоқтап жатыр. Елордада дәрігер болып істейтін Рүстем Кенжалин марқұм инспектормен бала күнінен бірге өсіп, сыныптас болған.
Рүстем Кенжалин, марқұм Қ. Нұртазиновтың досы:
- Қанышты мен бала күнінен білемін. Өзі табиғатқа жақын-тұғын. Далада жүргенді қалайтын. Құс-үйректі өте жақсы көретін. Сондай бір белсенді еді. Оны өзінің жолдастары да қатты сыйлайтын. Жолдастары үшін жанын беруге де бар-тұғын. Ол көз алдымызда. Оны ешқашан ұмытпаймыз біз.
Тонның ішкі бауындай араласқан досының қазасы ауыр тиіп, бауырын соңғы сапарға шығарып салуға ауылына аттанбақшы. Мынау сыныптастарының қайғырып, еске алып, ортақ чатта салған бірге түскен суреттері. Осы қайғылы оқиғаға қатысты Ішкі істер министрлігі кеше таратылған ақпаратқа бүгін сәл өзгеріс енгізді. Ұсталып, қамауға алынған күдікті екеу емес, біреу екен.
Ерлан Тұрғымбаев, Ішкі істер министрі:
- Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Арқалық қаласының тұрғыны күдікті ретінде анықталып ұсталды. Сондай-ақ, қылмыс онрынан 20 шақырымдай жерден «Нива» маркалы автокөлік табылды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыс құралы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Бірқатар криминалистік сараптамалар тағайындалды. Бұл қылмысқа басқа да қатысушылардың бар-жоғы тексерілуде.
Марқұм Қаныш Нұртазиновтың денесі жұма күні туған жері Қарағанды облысы, Қоскөл ауылында жер қойнына тапсырылмақ. Қазіргі оның өлімі мен Самат Оспановты өлтіру әрекетіне байланысты қылмыстық іс қозғалған.
Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі браконьерлік үшін әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікті күшейту, өтемақы мөлшерін арттыру жайы қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, табиғат қорғаушыларының көліктерін арнайы жарықпен және дыбыс сигналдарымен жабдықтап, білгілі бір түске боя мәселесі де көтеріліп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!