«Жазықсыз жазаландым». Ақтауда пациентпен текетірес үшін сотталған дәрігер өзін толық ақтауды көздейді
Ақтауда белгілі балалар хирургі апелляциялық шағым арқылы өзін ақтап алмақ. Ауруханаға келген әйелмен жанжалдасып, ақыр соңында бір тәулікке темір торға қамалған Насуқан Отарғазиев «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша айыпталған. Оған науқасқа әдепсіз сөйледі деген кінә тағылған. Алайда, дәрігер ондайға аузым барған емес деп ақталып отыр.
Автор: Мақсат Мәлік
25.07.2019
Бір тәулікке темір торға қамалған балалар хирургі Насуқан Отарғазиев «ұсақ бұзақылық» бабымен кінәлі деп танылған. Тағылған айыпқа сәйкес, түнгі ауысымда кезекшілік еткен дәрігер аурухана табалдырығын аттаған әйелге әдепсіз сөйлепті. Алайда, Отарғазиевтің үстінен шағымданған жан ондаған бала көмек күтіп тұрғанда кезексіз өтуге тырысқан көрінеді.
Насуқан Отарғазиев, балалар хирургі:
- 3-4 күн бойы қызуы көтерілген баланы педиатрға алып келді. Әкесі мен әжесі. Сол кезде әжесі кезекті күтпей, шу шығарып, кезекші педиатрға айқайлады. Бірақ әжесі кезекші дәрігер мені балағаттады деп арыз жазып, сол арқылы осы айдың 19-ында сот болды.
Алайда сотқа жеткізілген бейнебақылау камерасындағы жазбада ешқандай дыбыс жоқ. Сол себепті әйелдің балағаттады деп саусақпен көрсеткен сөзіне бола жазаға тартылдым деген дәрігер, өзін кінәлімін деп есептемейді. Бірақ, сот барысында қоғамдық орында науқаспен жанжалдасу дәрігерлік этикаға жат екені көрсетіліпті. Ал, дәрігер сол сәтте өзге бір сырқатты отаға дайындап жатқанын айтады.
Насуқан Отарғазиев, балалар хирургі:
- Сол кезде қолы сынған бала келіп жатты. Оның анасына операция жасау керектігін түсінідірп жатқанда, әжей шу шығарған соң араластым. Әжесі балағат сөздермен маған айқайлай бастады. Қабылдау бөліміне келетін және шу шығаратын адамдар көп. Баланы әкеліп, оған көмек беріп және олардың жазған шағымы бойынша төрт қабырғаға қамалып, күн өткізу деген оңай емес, әрине.
Ақтау әкімшілік сотының мәліметінше, балалар хирургі 1 жыл ішінде екінші мәрте аңдаусыз сөйлеп, басы дауға ілігіпті. Тіпті, наурыз айында ұсақ бұзақылық үшін айыппұл арқалаған. Сондықтан бұл жолы темір тордың дәмін татпай құтылу мүмкін емес дейді судья.
Гүлмира Сүйеуова, Ақтау әкімшілік сотының судьясы:
- Әкімшілік іс қарау барасында бейнетүсірілім қаралды. Бейнетүсірілімде жәбірленушінің кезектен тыс кіріп айқай шығарғаны, дәрігер қатты дөрекі сөйлеп жауап бергені, қолдарын сілтеп сөйлегені түгел көрініп тұрғанына байланысты бұл іс бойынша әкімшілік жауапқа тартылды аталған азамат.
Бұл үкіммен дәрігер тұрмақ оның басшылығы да келіспек емес. Енді олар апелляциялық шағым түсіріп, ақ халатты абзал жанның ар-намысын қорғап қалмақ.
Азамат Сәрсенбаев, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқарамасының баспасөз хатшысы:
- Сотта дәрігердің әдепсіз сөлегенін дәлелдейтін ешқандай аудиожазба ұсынылған жоқ. Оның айтуынша, сол күні айтарлықтай ештеңе болмаған. Педиатр баланы қарап болған соң сол күні үйіне қайтарыпты. Демек, 10 күннің ішінде аталған жайтты аппелляцияға береміз.
Айта кетейік, қабылдау бөлмесінде шу көтерген әйел де жазадан құтылмайды. Оған дәрігерге тіл тигізгені үшін 12 мың теңге айыппұл салыныпты. Ал, қазір бір тәулік темір торға тоғытылған балалар хирургі еңбек демалысына шығыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!