Алматыда сүйіктісін айуандықпен өлтірген бозбала сотталды
Үлкен қайғымен аяқталған оқиғаға қатысты іске соңғы нүкте қойылды. Биыл қаңтарда өз сүйіктісі Валерия Погребнякты айуандықпен өлтірген алматылық Владимир Братищевті сот 15 жылға қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуге үкім шығарды. Тергеу барысында полицейлер марқұмның ұялы телефонындағы хаттарды қалпына келтіру арқылы да бірталай дәлел тапқан. Мәселен, Владимир қыздың 110 мың теңгесін ұрлағаны анықталған.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
25.07.2019
Қылмыскер кінәсін толықтай мойындап, мәйітті жасырған жерін көрсетсе де бұл іс неге екені белгісіз сиырқұйымшақтанып осы уақытқа дейін созылды. Алғашында 18 жастағы жігіт қолын қанға қызғаныштан бояды деген болжам айтылғанымен, кейіннен қыздың қарызын қайтаруды талап еткендігі белгілі болды. Бірақ, бала кезінен Владимирді бауырына басып өсірген туысы оның осындай жауыздыққа баруы мүмкін емес екеніне сенімді. Олар көңіл жарастырған төрт жылдың ішінде қатты кикілжіңнің араларында болмағанын айтады. Сонымен қатар, қыздарын тек бес күннен кейін іздеуге кіріскен Погребняктар әулетінің немқұрайдылығына да наразы.
Елена Братищева, В. Братищевтің туысы:
- «Қыздарыңыз 5 күннен бері үйіңізге келмеген. Не себепті полицияға арыз жазып, іздемедіңіздер?» деп әкесіне сұрақ қойдым. Біз жұртқа жария болғымыз келмейді деді. Еріктілердің көмегінен де бас тартқан. Кейіннен еріктілер өздері іздеуге кіріскен. Осы уақытқа дейін үйді тінтіп бірде-бір полиция келмеді. Бұл қаралы оқиға санамды сан-саққа жүгіртіп, әлі ойымды жинай алар емеспін. Себебі, барлығы біз үшін түсініксіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!