Ауруға шалдықтым деп, клиенттерін алдаған. Алматыда фитнес-жаттықтырушы ұсталды
Алматы облысында клиенттерін алдап түсірді деген күдікпен фитнес-жаттықтырушы ұсталды. Тергеу мәліметі бойынша, 26 жастағы тепсе темір үзетін жігіт қатерлі ісік ауруына шалдыққанын айтып, өзі жаттықтырып жүрген қыз-келіншектерден қомақты мөлшерде ақша алған.
Автор: Аруна Ортай
25.07.2019
Алтын Сембекова, зардап шегуші:
- «Қиналып тұрмын, ауырып жүр едім, дәріге ақша керек» дегеннен кейін мен солай жаным ашып, оған бердім. 140 мыңның үстіне 180 мың қылып қайтарамын дегеннен кейін бердім.
Алаяқ бас-аяғы 15 адамнан бір жарым миллион теңгеден астам ақша жинап алған. Содан соң жұмыстан кетіп қалған. Алданғандардың бірі - Алтын Сембекова. Күдікті оның ұлын жаттықтырған екен. «Отаға» деп ақша сұраған бапкерге қалтасындағы соңғы тиынын ұстата салған. Жаттықтырушының алаяқ болып шыққанына фитнес залдағы әріптестері де таң. Клиенттерінің қалтасын қағып алған ол жарты жылдан бері бұларды да алдап келген екен. Атап айтқанда, жалған атпен жұмысқа кірген. Жұртты сан соқтырған жігіттің өзі де жалған жаттықтырушы боп шықты. Полицейлер анықтағандай, ол туған жері Түркістан облысында аты шыққан алаяқ екен. Осы уақытқа дейін Шымкентте іздеуде болыпты.
Қуаныш Кеңес, тергеуші:
- Осы алаяқтық дерегі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда екі жыл мерзімін өтегеннен кейін қалған 4 жыл 6 ай мерзімінен шартты түрде босатылған болатын. Үйленген, екі баласы бар. Азаматтардан алған ақшасын жаратып үлгерген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!