Арыстағы апаттан зардап шеккен 8 жасар баланың жағдайы оңалар емес
Өлім мен өмірдің арасындағы арпалыс. Арыстағы апаттан зардап шеккен 8 жастағы баланың жағдайы оңалар емес. Жарылыстан бас жарақатын алған жеткіншекті емдеуге шетелдік нейрохирургтер де тартылыпты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
25.07.2019
Жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан ойын баласы күні-түні білікті дәрігерлердің бақылауында. Нұр-Сұлтан қаласына санавиациямен жеткізілген оған шұғыл операция жасалған болатын. Алайда аппараттың көмегімен демалып жатқан жеткіншектің денсаулығына ақ халаттылар алаңдаулы. Жарақаты өте күрделі дейді. Сондай-ақ, Арыс қаласынан елордаға ауыр халде жеткізілген тағы бір баланың жағдайы жақсарыпты. Аяғы сынып, миы шайқалған 14 жастағы жасөсіпірім үйіне жіберілген. Жалпы, қатты жарылыстан кейін тағы екі адам ауруханада жатыр. Біреуі Шымкент қаласында, екіншісі Алматыда. Олардың беті бері қараған.
Айдын Әшімханов, №2 қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Керек ем-домның бәрі біздің ауруханада жасалып жатыр. Қажетті дәрі-дәрмектің барлығы бар. Нейрохирург мамандарды уақытымен шақырып тұрамыз. Қазақстанның дәрігерлерімен қатар, шетелден, яғни ресейлік балалар нейрохирургиясының басшылары да келіп тұрады. Аспалы укол қойылған. Жан сақтау бөлмесінде ем алып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!