Арысты қалпына келтіру жұмыстарына тұрғындардың көңілі толмайды
Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер бір айдан бері қираған үйлерде тұрып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, мұндағы кей секторларда жұмыс дұрыс жүргізілмеуде. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласының жауапкершілігіндегі секторға қарасты баспаналардың терезесі мен есігіне дейін жоқ. Әу баста көмектесеміз дегендер енді келіп мазақ етіп, тіпті өздерің жөндеп алыңдар деуге көшті дейді тұрғындар. Олар Алматы қаласының секторына қарасты жер үйлерде де жөндеу жұмыстары сапасыз деп шағымданды.
Автор: Бек Әбиев
25.07.2019
4 баласы бар жалғызбасты әйел Динара Тәшімбетова, зейнеткер анасымен мына пәтерде тұрып жатыр. Терезе деген атымен жоқ, қабырғалары қайысқан соң есіктері де ашылып жабылудан қалған. Үйдің іші соғыстан кейінгі күйде. Үй жөндейтін бригадалардың бірнешеуі келіп, істеп береміз деп, артынша келмей қойған. Қазір тіпті өзің жөнде деуге көшіпті.
Динара Тәшімбетова, Арыс қаласының тұрғыны:
- Оны 200 мың теңгеге жасататын жағдайым жоқ. Жалпы, жағдайым жоқ. Ешқандай алимент, жәрдемақы алмаймын. Құрылысшыларға қарайтын адам маған «қолыңа 80 мың теңге беремін, 80 мың теңгемен жасат» дейді.
Сүреңсіз де қорқынышты көпқабатты бұл екі үйде 96 отбасы тұрады. Көп тұрғын баспанасы жөнделгенше деп туған-туысын жағалап кетіп қалыпты. Бірақ, пәтерлердің жуық арада жөнделетін түрі жоқ сияқты. Себебі, ол жұмыстармен айналысуы тиіс бригадалар күнара ауысып, жаңадан келгендері есік терезені өлшегені болмаса, әрекет етер емес дейді. Әкімқараларға шағым жазып, нәтиже шығармақ түгілі енді жауап ала алмай жүр.
Жанат Әлімбекова, Арыс қаласының тұрғыны:
- Тура жетім бала сияқтымыз қазір шындығында. Үйіміздің бәрі қирап қалған. Қайда барарымызды, кімге жалынарымызды білмейміз. Жәутеңдеп, қасында жалпақтап жүгіріп жүреміз. Келеді де, барлығын өлшеп кетеді. Енді істейді екен десек, «қанекей қағазға қол қоямыз, актіге қоямыз» дейді. Біз қол қойып береміз бұзылғаны рас деп. Сонымен, болды.
37 маманымен бірге үйдің төбесін жаппақ болып Нұр Сұлтан секторымен келісімге отырған Досымжан есімді мына құрылысшы, үш күннен бері осында жүр. 5 миллион теңгесін жұмсап, материал алғанымен, енді штабтағылар ақша жоқ деп отыр дейді. Камераны қосқанымыз сол еді бригадир маған проблема қажеті жоқ деп безе жөнелді.
- Мынау өзіміздің ескі тақтайларды сыммен байлап кетті. Ал, негізі, ауыстырып береміз деген. Енді ауыстырмай тұр.
Алматы секторына қарайтын Наурыз ықшамауданында да жағдай мәз емес. Құрылысшылар жұмыспен емес, көзбояушылықпен айналысып жатыр дейді тұрғындар. Мәселен, Нұрлан Есімовтің жер үйінің қабырғасынан күн көрінеді. Ал төбесін үйдегі заттармен тіреп қойған.
Нұрлан Есімов, Арыс қаласының тұрғыны:
- 3 комиссия келіп, тек сылап қана кетеміз дейді. Бетіне тор қойып, сылап кетеміз дейді. Сылағаны маған керек емес. Менің 6 бала-шағам бар. Ертең басып қалса, оған кім жауап береді?
Алматы секторына жауапты мамандар штабқа келсін, арызды аламыз қайта жөндеуге барымызды саламыз деп уәде берді. Ал, Арыстағы бұзылған ең көп баспанаға қарайтын Нұр Сұлтан секторына жауаптылар болса, құрылыс бригадаларының ақша жоқ дегенін жоққа шығарады. 1 миллиардқа жуық қаржы алдық деген олар тағы 6 миллиард ақша керек дейд. Тек, жұмысты бітіретін уақыт түгілі оның басталатын уақытын да нақты айта алмай отыр.
Аржан Бұғыбаев, Арыстағы Нұр-Сұлтан секторы штабының өкілі:
- Нақты мерзімін айту қиын. Өйткені бізде үй саны өте көп. Оның бәріне бағалау жұмыстарын жүргізіп, дефектілерін анықтап жатырмыз. Біттік-ау дей бергенде күніге тағы бір мәселесі шығып тұрады. Ал мамандар жетіспейді. Әзірге 600-ге жуық құрылысшыны жұмысқа жұмылдырдық.
Есік-терезесіз қираған үйлерде өмір сүріп жатқан арыстықтар болса жергілікті әкімдіктер мен штабқа айтып нәтиже шығара алмай жүр. Елордадан келген шенеуніктерге жолатпайды деген олар енді жаппай қол қойып, Елордаға арыз жолдамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!