{metadescription}
Аршалының жұрты тіршілік нәрінен тарығып отыр
Аршалының жұрты тіршілік нәрінен тарығып отыр

Аршалының жұрты тіршілік нәрінен тарығып отыр

Ішерге су жоқ. Үй іргесін кәріз суы басқан. Ал есіктің алды қоқысқа толған. Ақмола облысының Аршалы кентіндегі бір көшенің тұрғындары соңғы 15 жылдан бері осылай күн кешіп келеді. Жаз басталысымен судан тарығатын жұрт әкімдікке, су мекемесіне талай шағымданып, тауы шағылған.

Аршалыдағы көпқабатты бірнеше үйдің тұрғындары ауыз суды у-шумен алады. Екі-үштен ыдысын арқалағандар осылай кезекке тұрады. Күніне бір рет келетін су тасушы көлік кей күндері келмейді де. Мәселен, бүгін ол жоқ. 15 жылдан бері жаз бойы су тапшылығымен арпалысып өтетін жұрттың төзімі таусылған.

Құралай Жексенова, Аршалы кентінің тұрғыны:

- Енді көпқабатты үй болғаннан кейін білесіздер ғой, әжетханасы далада емес. Үйіміздің ішінде болғаннан кейін үйіміздің іші сасып кетті, керек десеңіздер. Кіріп көрсеңіздер болады. Балаларды жуындыру, ыдыс жуу, олардың кірін жуу тіпті қиын болып жатыр.

Үйлерінде су жоқ. Асүйдегі шүмектен жылыстай аққан су көп ұзамай тоқтап қалады. Көрген күндері осы. Жұрт оған үйренген. Сол үшін осылай ыдыс біткеннің бәрін суға толтырып қояды. Еңбекпен өсірілген мына әсем гүлдердің де жағдайы қиын. Қапыда тамшы су таппай қалса, қурайды да қалады.

Рамиля Ырзаева, Аршалы кентінің тұрғыны:

- Бізде су жоқ. Осымен төртінші апта. Әкімге, «Аршалысу» мекемесіне айттық. Нәтиже жоқ.

Әр үйдің алдынан кезігетін мынадай шошайған темір бір кездері мұнда ішер судың болғандығының айғағы. Бірақ қазіргі тұрысында мән жоқ.

Ауылдың ауыз суымен бірге, кәріз жүйесі мен қоқыс тазалауға да әкімдікке қарасты компания жауапты. Қалай жұмыс істейтінін мына кадрлардан байқауға болады. Ең таза тұрғаны осы дейді тұрғындар. Қоқыс осылай болса, кәріз жүйесі дегенді олар ұмытқан сияқты. Құбырға сыймаған сасық су үй іргесін ластап біткен. Әрі-беріден соң іргені ылғалдап, қабырғаны құлатуға шақ тұр. Осының бәріне төзіп отырған жұрт тым құрыса, ауыз судан тарықтырмаса екен дейді.

Менің артымда тұрған мына су құбыры мұнарасы осы қыста ғана жөнделген. Терезелеріне дейін жап-жаңа. Тек бір ғана кемшілігі бар, жұмыс істемейді. Соның кесірінен елу метр жерде тұрған мына үйлердің барлығында су жоқ. Жұрттың бәрі қақсып отыр.

Ауылдағы жағдайды аудан басшылығынан сұрап барсақ, жауабын дайындап отыр екен: бәріне кінәлі ауылдықтардың өздері болып шықты. Өйткені ауылдағы тіршілік нәрі алдымен 500 текшеметрлік ыдысқа құйылады. Содан ауылға тарайды. Ал тұрғындардың көбі оны ауладағы бау-бақшасына құйып, тауысып тастайды екен. 

Әсет Мұздыбаев, Аршалы ауданы әкімінің орынбасары:

- Жұрт осы ауыз сумен бау-бақшасын суарады. Сыйымдылығы үлкен ыдыстарын толтырып алады. Соның кесірінен көбқабатты үйлерге тіршілік нәрі жетпей қалады.

Айтуын айтқанымен, шенеуніктер сөзіне дәлел таппай қиналды. Бақшасын суғарып, бөшкесін толтырып отырған үйлердің бірі деп мына үйді мысал ретінде көрсетпек болған. Алайда үй иесі суды іргедегі өзеннен алып отырғанын, ал таза суды ысырапсыз қолдануға қолы бармайтынын айтты.

Әкім-қаралармен әңгіме осымен бітті. Олардың айтуынша, тағы екі су көзі қазылған. Соның арқасында алдағы он күн ішінде ауыз су көлемі молаймақ. Одан бөлек, келер жылы 3 мың текше метр су бере алатын жобаны қолға алып, соған бюджеттен қаражат сұрамақшы. Бірақ мұндай сөздерді ауылдықтар 15 жылдан бері естіп келе жатыр екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде