Жамбыл облысында нан бағасы тағы да өсіп кетті
Жамбыл облысында ас атасының құны тағы да шарықтап шыға келді. Бұл жолы әлеуметтік нан бағасы бес теңгеге өсіп, дүкен сөрелерінде 75 теңгеден сатылып жатыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
29.07.2019
Дәл егін науқаны кезінде бұл қымбатшылықты ешкім күтпегені анық. Шенеуніктердің мәліметіше, бұл жағдайға бидай құнының көтерілуі себеп. Яғни, бұған дейін бір келі бидай 55-60 теңгеден сатылса, енді 75 теңгеге шарықтаған. Соның кесірнен наубайханашылар шығынға ұшырамас үшін нанның ақысын арттыруға мәжбүр болыпты. Ал, әкімдік бағаны баяғы қалпында ұстау қырауар шығын дейді. Сөздеріне сенсек, ас атасының құнын реттеу үшін тұрақтандыру қорынан алты ай ішінде 40 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Нан ақысын 5 теңгеге көтеруге мұрсат бермесе, бұл шығын әлі де арта бермек. Сондықтан шенділер әкімдік қазынасынан гөрі, тұрғындардың қалтасына салмақ салу тиімді деп шешіпті.
Марс Сейдібаев, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл негізі заңды. Нан бағасының өзінің нарықтық деңгейіне келуі. Бұл баға тұрақты болады. Бұдан әрі көтерілуге негіз жоқ. Жыл соңында бидай бағасы төмендесе, нан бағасы төмендеуге негіз бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!