{metadescription}
Сібірдегі алапат өрттің түтіні Қазақстанға да жетті
Сібірдегі алапат өрттің түтіні Қазақстанға да жетті

Сібірдегі алапат өрттің түтіні Қазақстанға да жетті

Сібірдегі ауыздықсыз алаудың лебі Қазақстанға да жетті. Елдің бірнеше облысын көрші елден келген түтін басқан. Бүгінге дейін қызыл жалын Ресейдің 11 миллион гектар шаршы метр жерін шарпыған. Ал, Ресей билігі өртті сөндірмеу туралы шешім қабылдады. Себебі, оған жұмсалатын қаржы қыруар. Оның үстіне от жалмаған аумақты қайта қалпына келтіретін ақшадан асып түседі. Тек елді мекендерге жайылуына жол бермеудің амалын қарастырған. Алайда өрт өршіп барады. Тіптен, түтіні шекаралас мемлекеттерге тарап жатыр.

Сібірдегі орман өртінен барлық аумақты бір аптадан бері қою қара түтін басып жатыр. Жалынның бағыты енді елді мекендерге қарай ауысқан екен. Алапат өрттің түтіні тіпті біздің елдің Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Алматы облыстарына дейін жеткен. Салдарынан ауа айтарлықтай ластанған.

Осылайша, бықсыған түтін Алматы облысының солтүстік аудандарына да жеткен. Талғарлық тұрғындар ыстың тез арада қала ішіне жайылып үлгергенін айтады. Сондай-ақ, ауаны ластаған иістен денсаулығымыз сыр беріп, мазамыз қашты дейді. 

Шолпан Қонарбаева, Алматы облысының тұрғыны:

- Сондай болды. 1-2 күн басымыз ауырып, ештеңе істегің келмейді. Жата бергің келеді. Қиын жағдай. Әпкемнен де сұрасам, «иә, сондай болып жүрмін» дейді.

Мақпал Рахымжанова, Алматы облысының тұрғыны:

- Түтіннің салдарынан сол жұма күні таңертең басталған басым әлі де ауырып тұр. Кеше түнде де өзімді жаман сезіндім. Дәрі ішіп, содан бас ауруым басылды. Қазір де дәрі іштім.

- Бұрын бұлай ауырмайтын ба еді басыңыз?

- Жоқ, бұлай ауырмайтын.

«Қазгидрометтің» экологиялық мониторинг стансаларынан алынған деректерге қарағанда, Қазақстанның Ресеймен шекаралас аумақтарында ауаның ластану деңгейі шектік мөлшерден асып кеткен. Десе де, мамандар қазір байбаламға салатындай қауіп жоқ екенін алға тартады.

Әсем Өскенбаева, «Қазгидромет» РМК экологиялық мониторинг бөлімінің инженері:

- Аталған облыстарда жылдамдығы секундына 6 метр оңтүстік батыс желі байқалды. Нұр-Сұлтан қаласында концентрация шамадан тыс артып, күкірт диоксидінің мөлшері 1,2-ге жетті. Шығыс Қазақстан облысында күкірт диоксидінің мөлшері 2,9-ға асып кетті. Сондай-ақ, Алматы облысында да күкірт диоксидінің мөлшері ондықты көрсетті.

Түтін Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының да құтын қашырды. Тіпті қала ыстан бұлыңғыр болып тұр. Ал, ғалымдар болса мұндай сәтте көп жүрісті азайтып, үйде отыру қажет деп кеңес береді. Өйткені, мұндай түтін ауа сапасын ғана емес, адам денсаулығын да нашарлатады дейді.

Мұсағали Дуамбеков, Халықаралық экология академиясының президенті:

- Көк түтін адам денсаулығына зиянды. Қатты әсер етеді. Біз білеміз газдың құрамы өте қою болған кезде адам өліп кетуі мүмкін. Мұнда газдың құрамы сәл аздау. Адам өліміне бірден алып келмейді. Әрине, бірақ денсаулыққа әсер етеді. Ол өкпе, бауыр, бүйрек бәріне әсерін қалдырады. Адамның терісіне де әсер етеді.

Ал Ресей билігі болса өрттен ешқандай қауіп жоқ деген ойдан танбай тұр. Алыс жақтағы ормандарды сөндіру экономикалық тұрғыда тиімсіз және техникалық жағынан күрделі екенін айтып, әзірге қол қусырып қарап отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде