Оңтүстік шекарада жолаушылардың ары-бері өтуі қатты қиындап кеткен
Қазақ-өзбек шекарасы арқылы ары-бері өтетін жолаушылар мен оларды тасушылар бұл аумақта ұзақ уақыт бөгеліп қалатынын айтып шағымданды. Яғни олардың сөзінше, «Жібек жолы» бекетіне келген автобустар өтуі тиіс 30-40 минуттың орнына бірнеше сағат тұратын болған. Тіпті шекарашылар жолаушылардың құжатына тиісіп, ақша сұрайтын жәйттер көбейді дейді жұрт.
Автор: Бек Әбиев
29.07.2019
Екі ел арасында жолаушылар тасымалдайтын автобустарды өткізуге құқығы бар жалғыз «Жібек жолы» бекетіне таңғы сағат 6-да бардық. Бекетке жақындаған сайын тау боп үйілген қоқыс, жиналған автобустар көріне бастайды. Жолаушылар көлігін тізгіндегендер бұл кеден бекеті біз үшін нағыз азап дейді. Себебі, мұнда тоқтаған көлік өгіз аянға түсіп, кезек орнынан жылжымайтын көрінеді.
Еркін Хайруллаев, автобус жүргізушісі:
- Бір жарым жылдан бері Алматы-Ташкент бағытында автобус жүргіземін. Алғашқыда бәрі жақсы болатын. Бірақ соңғы жарты жылда осы «Жібек жолы» бекеті біз үшін нағыз тозаққа айналды. Келеміз де, бірнеше сағаттап күтіп тұрамыз.
Мәселен, Ташкентке келе жатқан мына автобуста 52 жолаушы болыпты. Бірақ сағаттап тұруға тағаты таусылып, шыдамы жетпеген 47-сі түсіп жаяу кетті дейді жүргізушісі. Билет алып, межелі жеріне уақтылы жете алмайтын болған соң жолаушының барлығы наразы. Мысалы, Нүкіске бет алған мына адамдар бірнеше сағаттан бері тоқтап тұрған автобусқа қамалуда.
Жаңагүл Сайытова, жолаушы:
- Тұрғанымызға 3 сағат болды. Сөйтіп тұра береміз бе? Біз асығып, жерлеу рәсіміне кетіп бара жатырмыз. Біз мына жақта жүрсек, жерлеу болып қойған. Алдымыз ұзақ, 1 мың 200 шақырым жүреміз, күн ыстықта қаламыз. Міне, адамдар өтіп жатыр. Одан да жаяу өткеніміз жақсы еді ғой. Енді мына автобуста отыра береміз бе? Ал біздер Африкадан келе жатқан жоқпыз, Америкадан келе жатқан жоқпыз.
Қазақстан мен Өзбекстан арасында 6 компанияның көліктері қатынайды. Клиенттер наразы болған соң ресми көлікке мінетін жолаушылар да азайып кеткен. Компания өкілдері жолда жүрген жұрттан шекарада ақша сұрау да көбейіп кетті дейді.
Берік Қалдыбаев, жолаушы тасымалдаушы компанияның өкілі:
- Ақша сұралып жатыр, бүгінгі күнде солай болып жатыр. Өзбекстанға өтеміз, қазір жиып жатырмыз әр адамнан. Олар «сендер жұмыспен келесіңдер, бірақ бір айлық тіркеу мерзімі өтіп кеткен немесе еңбек келісімдерің жоқ өздеріңде деп, сол мақсатта алады.
Шағым көп болғанымен, шекарадағы арызға бір ауыз жауап беретін адам табылған жоқ. Біз тұрған екі сағат ішінде бірнеше әскери шағымды естіп, қайта-қайта құжат тексергені болмаса сауалдардың басы ашық күйінде қалды.
- Бек, мынау жоғары басшылықтың рұқсатынсыз біз сұхбат бере алмаймыз. Солай айтып жатыр. Сол кісінің айтқанын мен сізге жеткізіп жатырмын.
Ал, кеденге жауаптылар бізге бірде-бір шағым түскен жоқ, сүттен ақ, судан тазамыз дейді.
Әлібек Лесов, Түркістан облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:
- 5-6 сағат бойы ұстайды, ішіне кіріп ақша жинайды деген сияқты жайттар болуы мүмкін емес. Бір жағынан біздегі кезектердің бәрі видеоға түсіріліп жатыр. Оның бәрі тіркеліп жатады. Біздерге ешқандай жазбаша арыз түскен жоқ.
Шекарашылар мен кеденшілер Жібек жолы өткізу пунктін нағыз монополияға айналдырып, білгенін істеп жатыр деген тасымалдаушылар енді қарап жатпаймыз дейді. Олар шекарадағы былықты реттеуді талап етіп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураға шағым түсірмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!