Алматы облысында ауыл тұрғындары мен полицейлер бірін бірі сотқа беріп жатыр
Алматы облысында ауыл тұрғындары мен полицейлер бірін бірі сотқа беріп жатыр. Тәртіп сақшылары заңсыз наразылық шарасына шыққаны үшін бірнеше адамның жауапкершілікке тартылатынын айтты. Ал тұрғындар қолынан қайырып, дене жарақаттарын салды деп, керісінше, олардың өздерін жауапқа тартқызбақшы.
Автор: Аруна Ортай
29.07.2019
Сәуле Күлшенбаева, Бақтыбай ауылының тұрғыны:
- Сүйреп, үсті басымыз көгеріп, сөйтіп біраз жерге келіп қалдық. Ондайды ойлаған жоқпыз. Үлкен зейнеткер кісілер тура жылады ғой.
Тәртіп сақшалырынан зардап шектік деген халық олардың әй-шайға қарамастан, тарпа бас салғанын айтады. Қолы көгерген бір топ қауым полицейлердің үстінен әріптестеріне арыз түсіріп те үлгерді. Алайда олар «қарға қарғаның көзін шұқуы» екіталай деп отыр. Тәртіп сақшылары болса, жұртқа мұндай әрекеттің заңсыз екенін түсіндіргендерін айтады. Ал тұрғындардың наразылыққа шығуына Алматы-Өскемен тас жолы себеп. Бақтыбай ауылының тұрғындары күні-түні көлік ағыны үзілмейтін жолдың тура бойында тұрады. Жанын шүберекке түйіп, өмір сүрген жұрт өздерін басқа жерге көшіруін талап етті. Бастапқыда, шенеуніктер тұрғындарды толассыз көлік қозғалысынан қорғайтын бетон салып беруге уәде еткен. Бірақ онысы құр сөз күйінде қалып, шыдамы таусылған жұрт ақыры жолды жауып тастады. Десе де, заңсыз өткізілген наразылық шарасы тұрғындардың айыппұл төлеуімен аяқталатын түрі бар.
Серік Үпиев, Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі:
- Осы акцияны бастаушылар мен оның белсенділері қатысушылары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!