Байлап қойып сабаған! Заречныйдағы түрмеде болған оқиға үшін мекеменің бастығы қызметінен қуылды
Түрмедегі бассыздыққа тосқауыл. Алматы облысында сотталғандарды азаптауға жол берген Заречный түрмесінің бастығы қызметінен кетті. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, ЛА-155/8 мекемесінде оның екі орынбасары да қызметімен қош айтысыпты.
Автор: Мақсат Мәлік
29.07.2019
Сотталғандардың шыбын жанын шырқыратып, әбден азаптаған оқиға ЛА-155/8 түзеу мекемесінде болған. Жасырын камераға түсірілген атышулы бейнежазба әуелі әлеуметтік желіде тарады. Онда абақтының спорт залында түрме қызметкерлерінің жазасын өтеушіні еденге бетімен жатқызып, күштеп қолын байлаған сәті бар. Ең сорақысы, көрші бөлмеде 3 қызметкер тағы бір сотталушының қолын қайырып, аяғын жерге тигізбей іліп тастаған. Тіпті, қызметкерлердің бірі онсыз да қиналған сотталушыны тізесімен басынан соққаны анық байқалады. Елді дүрліктірген оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, Заречный кентіндегі түрменің бірнеше қызметкері жұмыстан босатылды. Сондай-ақ, Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жетекшілігі де тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Теңізжан Жәнібеков, ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары:
- ЛА-155/8 түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғандарға заңсыз күш қолданып, арнайы құрал қолданған. Осы мекеменің 7 қызметкері қызметінен босатылды. Қазақстан бойынша әр мекемелерде осындай жәйттер болмас үшін жедел тексеру іс-шаралары жүргізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!